Halyq Uni логотип
×

Шығыс қазақстандықтардың денсаулығына қауіп төніп тұр

Мәселе бақылауға алынбаса, асфиксия, өкпе ісігіне шалдығу дерегі көбеюі мүмкін

 Дәурен Ерболат 02.02.2023 | 15:00
Шығыс қазақстандықтардың денсаулығына қауіп төніп тұр
Фото: 24.kz

Шығыс Қазақстан облысында экологиялық жағдай күрделене түсті. Бұл туралы Сенат депутат Ольга Булавкина айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сенатор депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдап, бүгінде Өскемен тұрғындарының денсаулығына қауіп төніп тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, қалада жылына атмосфераға жалпы 158 мың тонна шығарынды шығарылады. Былтыр ауада ластаушы заттардың шекті нормадан асып кетуінің 42 жағдайы тіркелген.

Шығыс Қазақстан облысы экология департаментінің мәліметінше, кей жерде азот диоксиді 2 есе, күкіртсутегі 3,8-ден 9,8 есе өсіп кеткен. Бұл заттар құрамының жоғары болуының әсері асфиксияға, ал газ бен бумен демалудың салдары өкпе ісігі ауруына, топырақтың қышқылдануына, жануарлардың улануына, өсімдіктердің қурауына, экожүйенің тепе-теңдігінің бұзылуына әкелуі мүмкін, - деді ол Сенаттың жалпы отырысында.

Сенатор Өскемен ЖЭО және Согра ЖЭО кәсіпорындарының шығарындылары ең үлкен үлесті құрайтынын атап өтті. Олардың үлесі – жылына 45 мың тонна.

Барлық экологиялық талапты ескеріп, Өскемен қаласында жаңа жылу электр станциясын салу мәселесін қарауды, техникалық байқау операторларына қойылатын талаптарды қатаңдатуды, халық пен жылу энергетикалық кәсіпорындарға өткізілетін мұнай өнімдері мен қатты отынның сапасын бақылаушы органның жауапкершілігін күшейтуді сұраймын, - деді депутат.

Ол жеке секторға арналған электр энергиясына түнгі тарифті қайтару мүмкіндігін қарастыруды да ұсынды.

«Себебі бұл жылыту маусымында пешті жылыту кезінде қатты отын тұтынуды азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ірі өнеркәсіп орындарының түтін газдары мен ағынды суды бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу мәселесін қарастыруды сұраймын», - деді сенатор.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама