×

Балалар смартфонды ұзақ ұстап, «цифрлық аутизмге» шалдығып жатыр – депутат

Ата-аналардың басым бөлігі балаларына 3-5 жастан гаджет ұстады

 Дәурен Ерболат 02.02.2023 | 14:32
Фото: unsplash.com

Бүгінде балалар смартфонды ұзақ ұстап, «цифрлық аутизмге» шалдығып жатыр. Бұл туралы Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдады. Айутынша, бүгінде әлемде және Қазақстанда да «цифрлық аутизм» белгілері байқала бастаған. Балалар смартфонды ұзақ ұстауы салдарынан есте сақтау, көру және сөйлеу қабілетінен айырылып жатыр. Олардың өз бетінше ойлауы, ұзақ мәтіндерді қабылдауы, айналаға назар аударуы қиынға соғып отыр.

Жеті атасын жатқа білетін ұрпақ орнына жеті ауыз сөзді әзер айтатын толқын пайда болды. Скринэйджер, зуммер, немесе Z-ұрпақ – өз өмірін электронды құрылғысыз елесетете алмайтын жаңа буын. Бүгінде логоневроз ауруы мен Турет синдромы күшейе бастады. Тұтас ұлт пен ұрпақ үлкен қауіп алдында тұр. Ата-аналардың 65%-ы балаларына 3-5 жастан гаджет ұстатады. Бір сөзбен айтқанда, қолына «смартфон ұстап туған» буын өмірге келді, - деді депутат Сенаттың жалпы отырысында.

Осыған байланысты Нұртөре Жүсіп мектептер мен балабақшалардағы ата-аналар комитеттеріне, сондай-ақ салалық үкіметтік емес ұйымдарға киберманияның зияны туралы белсенді түрде айтуды ұсынды.

Сондай-ақ сенатор өскелең ұрпақтың денсаулығына бақылау жүргізу керектігін жеткізді.

«Үкіметке жаңа туған нәрестелерді жаппай ретинопатия және аудиологиялық скринингтен өткізудің сапасына мән беруді, Алматы қаласындағы А.Островский атындағы зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған №4 мектеп-интернатқа қосымша ғимарат салуды ұсынамыз. Логопед және офтальмолог мамандықтарына бөлінетін мемлекеттік грант санын көбейту маңызды», - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама