АҚШ Украинаға Қырымды алыстан атқылайтын ракеталар беретін болды

Дастан Жұмабекұлы

Зымырандар Херсоннан Евпаторияға дейінгі аралыққа, яғни 170 шақырымға жете алады

фото: ашық дереккөз

Құрама Штаттар Украинаға 150 шақырымдық қашықтықты тура дәлдікті ракеталар беруге шешім қабылдағалы отыр. Бұл туралы Reuters хабарлады.

АҚШ Қорғаныс министрлігінің бұл жолы сөз болып тұрған қаруы 150 шақырымдық қашықтыққа жететін тура дәлдікті «Ground Launched Small Diameter Bomb (GLSDB)» ракета деп аталады. Мұны жағдаймен жақсы таныс шенеуніктің дерегіне сүйеніп хабарлаған агенттік көмектің бұл жаңа пакеті құрамына 2,2 млрд доллар тұратын қару-жарақтар кіретінін айтты.

GLSDB ракетасын АҚШ-тың Boeing корпорациясы Швецияның SAAB тобымен бірлесіп жасаған. Нысананы өзі іздеп жүріп тауып алатын бұл ракеталар HIMARS дүркін отты реактивті жүйесінен жіберіледі. Бұл зымырандар жүріп бара жатқан нысананың өзіне тап бастырмай тиеді.

GLSDB инерциялық жүйенің немесе GPS-тің көмегімен басқарылады, ауа райының кез келген жағдайында атыла береді және бронды машиналарға қарсы қолданылады, электронды кедергілерді өзі жойып жібере алады.

Украинаға осы кезге дейін беріліп келген ракеталардың қашықтығы 80 шақырымнан асқан жоқ. Ал GLSDB украин Қарулы күштеріне майдан шебі – Днепрдің жағалауынан Қырым жерін дәл соққымен атқылауға мүмкіндік береді. Мәселен, Херсоннан Евпаторияға дейінгі аралық 170 шақырым болса, Жаңа Каховкадан маңызды темір жол торабы – Джанкойға дейінгі жер 150 шақырым. Демек, осы аумақтарды қамтып тұруға әбден болады.

Агенттіктің хабарлауынша, Пентагон әскери көмектің жаңа пакетін осы аптаның ішінде жариялайды. Бұған GLSDB-тан бөлек, Patriot зенит-ракета жабдықтары, жоғары дәлдікті оқ-дәрілі Javelin танкіге қарсы ракета кешені кіреді.

Украина біраздан бері одақтастарынан сол HIMARS қондырғысынан атылатын 300 шақырымдық ATACMS ракетасын беруді өтініп келеді. Алайда, соғыстың ушығып кетуінен қауіптенген АҚШ әзірге сұрауды қанағаттандыра қойған жоқ. Дегенмен, мұндай ұстаным АҚШ Үкіметінің бәріне бірдей ұнап отырған жоқ. Айталық, конгресмен Майкл Маккол жақында осыншалықты сақтығы мен қорқақтығы үшін президент Джо Байденді қатты сынады. Ол «эскалация жөніндегі қате ұғымға» ұйи беруді қою керек деп есептейді.

Бұдан бір апта алдын Ұлыбритания билігі Украинаға Ресей территориясындағы нысандарға жететін ракеталар беріп қалулары мүмкін екенін мәлімдеді. Лондон мұндай снарядтар Украинаның азаматтық инфрақұрылымдарына күн сайын қасақана және жоспарлы түрде соққылар беріп тұруды басты мақсаттарының біріне айналдырған РФ армиясына қайтарылатын нақты да дайықты жауап болады деп санайды.