×

Жұмысшылардың құқығын қорғау үшін заңға жаңа нормалар енгізілді

Түзетулер еңбек дауларын азайтуға септігін тигізеді

 Дәурен Ерболат 02.02.2023 | 13:50
Фото: Tengrinews.kz

Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мақұлданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Құжат еңбек дауларын реттеу және келіссөз процестерін ұйымдастыру мәселелері бойынша заңды жетілдіруді көздейді.

Жаңа түзетулер келісім комиссиясының қызметіне, ұжымдық еңбек дауларын шешудегі кәсіподақтардың рөлін нақтылауға, жиналыстар немесе ескерту ереуілдері өткізілуі мүмкін жағдайларға және басқа да тиісті жайттарға қатысты мәселелерді қамтиды.

Заң аясында Қазақстанның «Еңбек кодексіне» және «Кәсіптік одақтар туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр. Заңда келісу комиссияларын қалыптастыру және еңбек төрелігін құру тәртібі, олардың қызметін жетілдіру көзделген. Осыған байланысты еңбек дауларын қарау мерзімдері қысқартылды. Келіссөздер процестерін ұйымдастыру, талаптарды тұжырымдау және ұсыну рәсімдері жеңілдетілді. Кәсіптік одақтардың рөлі күшейтілді. Бұл құқықтық саладағы еңбек жанжалдарын шешуге ықпал етеді деп сенеміз, –  деді депутат Ақмарал Әлназарова.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбев президент еңбек дауларына құқықтық қатынастарды қосымша реттеу мәселесін бірнеше рет көтергенін атап өтті.

«Бұл заң осы саладағы отандық заңнаманы жетілдіруді көздейді. Жалпы, дауларды реттеудің баламалы тәсілдерін қолдану – құқықтық саясатты дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Осы заң арқылы жеке және ұжымдық еңбек дауларын қарау тәртібі қайта қаралады. Сондай-ақ келісу және татуластыру комиссиясының мәртебесі күшейе түседі. Алдағы уақытта жаңа нормалар жұмысшылардың құқықтарын қосымша қорғауға және еңбек дауларын азайтуға ықпал етеді деп сенеміз», – деді ол.

Дауыс беру нәтижесінде депутаттар заң жобасын мақұлдады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда еңбек даулары азаймай тұрғаны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама