Halyq Uni логотип
×

Жастарға арналған 2,5 пайыздық кредиттің қашан берілетіні айтылды

Несиенің ең жоғары сомасы – 5 млн теңге

 Дәурен Ерболат 02.02.2023 | 12:51
Жастарға арналған 2,5 пайыздық кредиттің қашан берілетіні айтылды
Фото: Halyq Uni

2023 жылдың наурызынан бастап жастарға арналған 2,5%-дық кредит беріледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, министрлік несиенің ережелерін дайындаған.

Біз, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (кредитке – автор) ережелерді толық дайындадық. Бұйрықтар шықты. Әділет министрлігінен тіркеуден өтті. Қазір жастарға арналған 2,5%-дық несиеге біз жауап береміз. Алайда 2,5%-дық несие Ауыл шаруашылығы министрлігінде де бар. Алайда біз бұл мәселеге қатысты толық шешім қабылдадық, –  деді бірінші вице-министрі Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Ақмәди Сарбасов ақпанда тиісті келісімдерге қол қойылатынын да атап өтті.

Оның мерзімі бар. Осы айда жергілікті атқарушы органдар және Қаржы министрлігімен кредиттік келісімге қол қоямыз. Келесі айдан бастап (кредит беруді – автор) бастаймыз. Оған қатысты ешқандай проблема жоқ, - деді министрдің орынбасары.

Жастарға арналған кредит «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі.

Оның негізгі шарттары:

  • микрокредит мерзімі – 5 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін);
  • микрокредиттің ең жоғары сомасы – 5 миллион теңгеге дейін;
  • сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды;
  • микрокредит кепілмен қамтамасыз етілуі шарт.

Еске салайық, президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі Жолдауында жастардың кәсіпкерлігін дамыту үшін жылдық 2,5% жеңілдікпен микрокредит беруді тапсырған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама