Жетісу облысында жас құтқарушылардың кадет сыныбы ашылды
Жаңа кадеттер салтанатты түрде Отанға адалдық антын қабылдап, арнайы куәліктер алды
Жетісу облысының Текелі қаласында жас құтқарушылардың кадет сыныбының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, кадет-құтқарушылар қатарына Текелі қаласындағы №4 орта мектептің 4-сыныбында оқитын 30 оқушысы қабылданған.
Бұл – облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен білім басқармасының бірлескен бастамасының арқасында құрылған Жетісу облысындағы екінші сынып. Алғашқы «Жас құтқарушы» кадет сыныбы Ақсу ауданында 2021 жылы ашылған.
Кадет сыныбының ашылу салтанатына Жетісу облысы ТЖД бастығы, полковник Бауыржан Ізбасаров, Текелі қаласының әкімі Алмас Әділ және білім басқармасының өкілдері қатысты.
Оқушылар мен мектеп ұжымы қонақтарға таныстыру экскурсиясы мен концерт дайындады. Жаңа кадеттер салтанатты түрде Отанға адалдық антын қабылдап, арнайы куәліктер алды.
Енді сіздер тек мектеп оқушылары емессіздер. Сіздер форма киіп, ант бердіңіздер. Бұл сіздерге белгілі бір жауапкершілік жүктейді. Өз жолдарыңызды енді таңдап келе жатқан азаматсыздар. Кадет сыныбы мен мектептің абыройын әрқашан дәріптейтіндеріңізге сенемін! - деді ТЖД бастығы Бауыржан Ізбасаров.
Кадет сыныбының оқу бағдарламасына азаматтық қорғау, алғашқы әскери дайындық, алғашқы дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету саласындағы және факультативтік сабақтар кіреді.
Айта кетсек, Жетісу облысы ТЖД-ның алдағы жоспарлары аясында жаңа кадет сыныптарын құру және ашу жұмыстары жалғасады, ал болашақта олардың арасында түрлі жарыстар өткізілетін болады.