Ақпан айына арналған ауа райы болжамы жарияланды

Халық үні

Ақпанның бірінші онкүндігінде еліміздің оңтүстік жартысында күн жылы және жауын-шашынды болады

Фото: baq.kz

«Қазгидромет» РМК ұсынған болжам бойынша, ақпанның бірінші онкүндігінде республиканың оңтүстік жартысында күн жылы және жауын-шашынды болады.

Оңтүстік циклондардың жиі шығуы мол жауын-шашынның түсуіне әкеледі, Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) болжанды.

Ауа температурасы түнде -2+5°С-қа дейін, күндіз +5+12°С-қа дейін жоғарылайды. Онкүндіктің соңында қайтадан түнде -3-15°С-қа дейін, күндіз 0,+8°С-қа дейін салқындайды.

Болжамға сүйенсек, еліміздің батыс аймақтарына солтүстік-батыс циклонмен байланысты атмосфералық фронттар әсер етеді, бірінші онкүндікте батыс аймақтарда ауа райы тұрақсыз болып, жаңбыр мен жылбысқы қар түріндегі аралас жауын-шашын мен екпінді жел болады.

Ауа температурасының күндізгі фоны -3+5°С шегінде болжанады.

«Еліміздің қалған аймақтарында бірінші онкүндіктің бірінші жартысында Сібір антициклонының әсерімен аязды, негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Кезеңнің екінші жартысында Сібір антициклоны әлсірейді, Жерорта теңізі аудандарынан циклон республиканың солтүстік-батысына қарай жылжиды, еліміздің солтүстік жартысында атмосфералық фронттардың күшеюімен қар жауып, бұрқасын соғады, желдің күшеюі 15-25 м/с дейін болжанады", - делінген Қазгидромет хабарламасында.

Ауа температурасы жоғарылайды:

еліміздің солтүстігінде түнде -20-28°С-тан -15-20°С-қа дейін, күндіз -8-18°С-тан -5-10°С-қа дейін;

орталық аймақтарда ауа температурасы түнде -13-28°С-тан -7-15°С-қа дейін, күндіз -7-12°С-тан -1-7°С-қа дейін ауытқиды;

еліміздің шығысында ауа температурасы түнде -15-28°С, күндіз -5-15°С шамасында болжанады.

Ауаның орташа айлық температурасы республиканың басым бөлігінде норма шамасында, Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысының басым бөлігінде, Павлодар облысының солтүстік-шығыс жартысында, Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының қиыр оңтүстігінде, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының оңтүстік жартысында және Жетісу облысының оңтүстік-шығыс жартысында нормадан 1° жоғары болады деп күтілуде.

Осы жылдың ақпан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында түседі, Түркістан, Жамбыл облыстарында, Қызылорда, Алматы облыстарының басым бөлігінде, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік-шығыс жартысында, Абай облысының қиыр оңтүстік-шығысында және Жетісу облысының оңтүстік-шығыс жартысында нормадан көп болады деп болжануда.

Ақпанның екінші және үшінші онкүндіктерінде республика бойынша ауа-райының тұрақсыз сипаты болжанады, еліміздің басым бөлігінде негізінен қар аралас бұрқасын, елдің оңтүстігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), тұман, көктайғақ болжанады.

Ауа температурасы:

еліміздің батыс өңірлерінде түнде -15-25°С-тан -7-15°С-қа дейін, күндіз -5-10°С-тан -5+5°С-қа дейін;

республиканың солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде түнде -20-30°С-тан -10-15°С-қа дейін, күндіз -10-15°С-тан -2-7°С-қа дейін;

Қазақстанның оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында түнде -10-18°С-тан 0,-5°С-қа дейін, күндіз 0,-5°С-тан +3+10°С-қа дейін көтеріледі.