Жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынған мектеп пайдалануға берілді
Онда 60 оқушы білім алады
Ақтөбе облысында алғаш рет жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынған мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, жаңа білім ордасы Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылында ашылды. Мектептің ашылу рәсіміне Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Есқали Саламатов және ауыл тұрғындары қатысты.
Ералы Тоғжанов президент ауылдарды дамытуға тапсырма бергенін атап өтті.
Осыған байланысты 2022 жылы біздің өңірде ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жобаны қаржыландыруға 6 млрд-тан аса теңге бөлінді. Сондай-ақ біз «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасын бірінші болып іске қостық. Нәтижесінде Құмжарған негізгі мектебінің 50 оқушысын Ақтөбенің үздік педагогтары оқытатын болды, - деді облыс әкімі.
Ол өңірде денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық мекемелердің халыққа қолжетімді ету және медициналық қызметтердің сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту мәселелері шешіліп жатқанын жеткізді.
«Бізге ауылдағы әрбір тұрғын маңызды», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар Есқали Саламатов Мемлекет басшыс Жолдауда жемқорлардан тәркіленген қаражатты мектеп салуға бағыттауды тапсырғанын еске салды.
Осылайша, Қазақстанда алғаш рет Құмжарған ауылында орта мектеп пайдалануға берілді. Оның құрылысына сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істерді тергеу кезінде өтелген қаражат пайдаланылды. Құрылысы ұзаққа созылған жобаны аяқтауға 150 млн теңге жұмсалды, - деді басшы.