Ұлттық құрама Чили теннисшілерімен кездеседі
Теннистен Қазақстанның ерлер құрамасы Дэвис кубогының іріктеу матчына дайындықты бастады.
Қазақстан теннис федерациясының хабарлауынша, отандастарымыз 4-5 ақпан күндері Чилидің Ла Серена қаласында «Ла Трентино» аренасының топырақ төсенішіндегі корттарында осы елдің құрамасымен кездеседі.
Ла Серена қаласына Юрий Щукин бастаған Қазақстан құрамасы толықтай келді. Қазір жарысқа дайындықты Александр Бублик, Тимофей Скатов, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев пен Александр Недовесов бастап кетті.
Қазақстан мен Чили алғаш рет кездеседі. Чили – 1976 жылы Дэвис кубогының финалисі атанған команда.
Бастапқы жекелей сында екі ойын болады. Келесі күні командалар жұптық сында бір рет, жекелей сында тағы екі рет кездеседі.
Жеңімпаз команда Дэвис кубогының қыркүйекте өтетін финалдық кезеңіне жолдама алады.