×

Ауыл шаруашылығында 1,7 мыңнан аса жаңа инвестициялық жоба іске асырылады

Олардың құны 4,5 трлн теңге болмақ

 Динара Амантай 01.02.2023 | 14:27
Фото: syrboyi.kz

Қазақстанда АӨК саласында 2030 жылға дейін 1,7 мыңнан астам жаңа инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының өзектендірілген жобасы қаралды.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев құжаттың алдағы жылдары отандық агроөнеркәсіптік кешені саласына әсер ететін жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтер, сондай-ақ бизнес пен сарапшылардың ұсыныстары ескеріле отырып әзірленгенін атап өтті.

Тұжырымдаманың негізгі міндеттері – салада еңбек өнімділігін 2 есе арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 3 есе ұлғайту, сондай-ақ барлық азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз етуді кемінде 90%-ға жеткізу. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемін орта есеппен 2,5 есе арттыру жоспарланып отыр.

Атап айтқанда, тұқым сатып алуды субсидиялау және тұқым шаруашылықтарын жаңғырту есебінен бидай өнімділігін 20 ц/га дейін арттыру жөнінде шаралар қабылданады. Суармалы жерлер аумағын аталған мерзімде 3 млн гектарға, ал минералды тыңайтқыштарды енгізу деңгейін 40%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл ретте ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқыны жеңілдікті лизинг пен басқа да мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 7%-ға жетуге тиіс.

Осы индикаторларға қол жеткізу үшін дара дақылды егістен бас тартып, ғылыми негізделген ауыспалы егістерді сақтау, сондай-ақ өндіріске заманауи ресурс үнемдеуші технологияларды енгізу қажет. Тұқым шаруашылығын дамыту бойынша арнайы кешенді жоспар әзірленіп жатыр, оның аясында ғылыми ұйымдарды селекцияның заманауи әдістеріне көшіру жұмыстары басталды. Тұқым шаруашылықтарының үйлесімді жүйесі құрылуда, оның негізгі субъектілері біздің ҰАҒБО ғылыми және тәжірибелік шаруашылықтары болады, — деді ауыл шаруашылығы министрі. 

Жер ресурстарын басқарудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру үшін ауыл шаруашылығы жерлерінің бірыңғай цифрлық платформасын іске қосу, учаскелерді ресімдеу процесін автоматтандыру, сондай-ақ пайдаланылмайтын жерлерді анықтау және айналымға тарту жөніндегі жұмысты жалғастыру көзделген.

Мал шаруашылығында селекцияның заманауи әдістерін енгізуге, жемшөп өндірісін ынталандыруға, жайылым инфрақұрылымын дамытуға және жалпы ауыл шаруашылығы жануарларының санын көбейтуге баса назар аударылады.

Отандық өнім экспортының көлемін арттыру мақсатында шетелдік жеткізушілер тізілімдерінде қазақстандық кәсіпорындардың тізбесін кеңейту бойынша жұмыс жүргізіледі. Бұл экспортты $9,9 млрд-қа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, 2030 жылға дейін ауыл шаруашылығының барлық салаларында жалпы құны 4,5 трлн теңгені құрайтын 1,7 мыңнан астам инвестициялық жобаны іске асыру көзделген, бұл республиканың экспорттық әлеуетін едәуір арттырады.

Аграрлық ғылымға келетін болсақ, өндіріске қолданбалы әзірлемелерді енгізумен және оларды коммерцияландырумен байланысты проблемаларды шешу, сондай-ақ дамыған елдердің тәжірибесі бойынша білімді таратудың заманауи ұлттық жүйесін құру жоспарланған.

Аграрлық ғылымды бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруды жыл сайын ұлғайту, жас ғалымдар үшін салалық гранттық қаржыландыруды енгізу көзделіп отыр. Нәтижесінде АӨК-те енгізілген ғылыми әзірлемелердің үлесі 14,5%-дан 40%-ға дейін ұлғаюға тиіс, — деді Ербол Қарашөкеев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама