Жәбірленушінің анасы қомақты ақша алу үшін осындай әрекетке барғанын айтқан
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында облыстық мәслихаттың экс-депутаты мен жәбірленушінің анасы, оның танысына қатысты сот үкімі шықты. Іс материалына сүйенсек, сотталушы Аркадий Ниге Қылмыстық кодекстің «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау» бабы бойынша айып тағылды.
Сонымен бірге жәбірленушінің анасы мен анасының танысы да айыпталушылар қатарында отырды. Жәбірленушінің анасы өз танысының кәсіпкер Аркадий Ниді танитынын біліп, ақша табу мақсатында қызын іске араластырады. Қызына психологиялық соққы жасап, оны көндіреді. Сөйтіп жасөспірім анасының айтқанын істеп, тергеу кезінде жалған түсініктеме берген. Өзіне айыпталушы А.Ни сексуалдық зорлық көрсеткенін айтқан. Сот отырысы кезінде жәбірленушінің анасы қызын көндіргенін, қомақты ақша алмақ оймен осы әрекетке барғанын жеткізді. Ал жасөспірім сот отырысы кезінде анасының бұл айтқанын растады. Сонымен бірге сот-медициналық сараптама жасалып, зорлық әрекеттік болмағаны дәлелденді.
Сот Аркадий Ни мен жәбірленуші қыздың анасының танысын кінәсіз деп танып, ақтады. Ал жәбірленушінің анасы «Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту», «Көрiнеу жалған сөз жеткiзу» баптарымен айыпты деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Оның кәмелет жасқа толмаған балалары бар. Сондықтан жазаны өтеу мерзімі 5 жылға кейінге шегеріледі. Сонымен бірге сот облыстық полиция департаменті мен Сот сараптама институтының директорына қатысты жеке қаулы шығарды. Сот үкімі күшіне енген жоқ, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Еске салсақ, 2020 жылдың желтоқсан айында Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты кәмелет жасына толмаған қызбен жыныстық қарым-қатынасқа түсті деген күдікке ілікті. Күдікті ҚР Қылмыстық-процестік кодексi 128-бабының тәртібімен Ақтөбе қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Көп ұзамай Аркадий Ниді Nur Otan партиялық билетінен айырып, партия қатарынан шығарылды.