Путиннің келуі құрметіне Волгоградтың аты өзгертілгелі жатыр
Қалада Сталинград шайқасының аяқталған күні атап өтіледі
Ресейдің Волгоград облысының басшылығы президент Владимир Путиннің келуі құрметіне қаланы «Сталинград» деп өзгерткелі жатыр. Бұл туралы «Диалог.Ua» хабарлады.
Ертең Волгоградта Сталинград шайқасының аяқталған күні атап өтіледі. Сол уақытқа дейін қаланың аты да қайтадан Сталиннің атына уақытша өзгертіледі.
РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путиннің 30 қаңтардан 5 ақпанға дейінгі аралықтың бір күнінде Волгоградқа сапар шегетінін хабарлады. Бірақ Путиннің 2 ақпанда Еділ жағасындағы қалада болатын-болмайтыны белгісіз.
Кеше әлеуметтік желіде қалаға кіреберіс жерлердегі сілтеме тақталардың ауыстырылып жатқан кадрлары жарияланды.
Жергілікті билік қалаға кіріп-шығатын жолдардың бәрінде оның атауы жазылған тақтайшаларды ауыстырып, Волгоградты Сталинградқа өзгертуге кірісіп кетіпті. Волгоград мэриясы қаланың атауын жылына бір рет осылай он күнге ауыстыра тұруға шешім қабылдаған. Бұл Волгоградқа Путиннің жасайтын сапарына сәйкес келеді. Алайда Ресей президентінің «Сталинградта» қай күні болып қайтатыны әзірге құпия болып тұр.
РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путиннің «Сталинградқа» міндетті түрде келіп үлгеретінін айтты. Жергілікті билік сол күні «Вагнер» жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин мен Шешенстанның басшысы Рамзан Кадыров та келеді деп күтіп отыр.