Halyq Uni логотип
×

Журналистерді қолдау қоры құрылды

Журналистер 1 жарым минуттық сюжетке, бір тұщымды мақала мен радиохабар үшін журналист күні бойы тірнектеп материал жинайды

 Халық үні 01.02.2023 | 00:32
Журналистерді қолдау қоры құрылды
Фото: time.kz

Бұл туралы Хабар агенттігінің басқарма төрағасы Берік Уәли мәлімдеді. 

«Біздің әріптестер, тілшілердің тынымсыз тіршілігі туралы айтқанда, бірінші кезекте Шерағаңның қанатты сөзі еске түседі. Қайталап жатпайын, оны бәріңіз де білесіздер. Расында, 1 жарым минуттық сюжетке, бір тұщымды мақала мен радиохабар үшін журналист күні бойы тірнектеп материал жинайды, тараптарды тыңдайды, жан-жақты мәлімет алады, т.б.. Сол жұмыстар кезінде журналистен бөлек көзге көрінбейтін қаншама маман жұмыс істейді. Режиссер, оператор, жарық түсіруші, монтаж инженері, гримёр, дыбыс режиссеры, дизайнер, бет қаттаушы, контент-менеджер тіпті көлік жүргізушісіне дейін эфирге шығатын теле-радио өнімдер мен газет, журнал, сайтта жарық көретін дүниенің әр минуты, әр әрпі үшін жан аямай жұмыс істейді. Бұлардың бәрі – бір сөзбен айтқанда БАҚ қызметкерлері.
Міне, сол БАҚ саласында аянбай еңбек етіп жүрген әріптестерге ақжолтай жаңалығымды жеткізгім келеді. Елордада «Журналистерді қолдау қайырымдылық қоры» құрылды. Бұл былтыр  көктемде басталған жұмыс еді, жақында ресми тіркеліп, құжатымыз қолымызға тиді», - деді ол.

Қордың жұмысы аз қамтылған отбасылардан шыққан жас журналистердің, жалғызбасты және көпбалалы журналистердің материалдық жағдайын жақсартуға, жас мамандардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге, баспана мәселесінің шешілуіне ықпалдасуға және құқықтық көмек көрсетуге бағытталған.

«Сонымен қатар, аталған ұйым журналистердің беделін арттыру, кәсіби-шығармашылық мүддесін, авторлық және сабақтас құқықтарын, ар-намысын, іскерлік беделін қорғау, еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайларын жақсарту, ардагер журналистерге тиісті деңгейде құрмет көрсету мақсатымен кәсіптік одақтармен ынтымақтастық орнатуды да жоспарлап отыр.
Осы орайда, алғашқы қадамдар да жасалды. Нәтижесін алдағы уақытта жария етеміз.
Әріптестеріміздің қандай да бір өтініштерін білікті ардагер журналистер мен қоғам белсенділерінен құрылған арнайы комиссия қарайтын болады. 
Алдағы уақытта Ұйымның жұмысы туралы қосымша хабарлап отыратын боламыз», - деді Берік Уәли.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама