×

Түркістанда 100-ден астам мұғалімге төленген қаржы бюджетке қайтарылды

90 мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды

 Халық үні 31.01.2023 | 22:34
Фото: Halyq Uni

Түркістан облысында 100-ден астам педагогке төленген қаржы бюджетке қайтарылды. Бұл туралы Түркістан облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Жанар Қасымова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің мамандары жүргізген зерделеу жұмыстарының барысында біршама кемшілік анықталған.

Мәселен, өңірде 322 педагогті білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылдау кезінде конкурс ережелері сақталмаған. Бұл бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығының талаптарын бұзған 90 мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде өткізу деңгейінің сәйкестігін анықтау мақсатында 228 педагогтің сабағына зерделеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 123 педагогтің сабақ өткізу деңгейі талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты қосымша төлем бюджетке қайтарылған.

«Түркістан облысында «Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен жарақтандыру стандарттары және оларға қойылатын талаптарға» сәйкес келмейтін 731 мектеп бар. Сонымен қатар, өңірде 149 мектептің спорт залы жоқ. 16 мектепте интернет желісі жұмыс істемейді. 908 мектептің 800-ге жуығында сыртқы дәретханалар жабылмаған. Әсіресе, елді мекендерде судың уақытпен берілуі, электр жүйесінің істен шығуы, орталықтандырылған кәріз жүйелеріне қосылмауы секілді мәселелер бар», - деді Жанар Қасымова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама