×

«Қабылданып жатқан шаралар тиімсіз». Президент қымбатшылық мәселесіне назар аударды

Астана азық-түлікті Алматыдан 4 есе, ал Шымкенттен 2 есе аз өндіреді

 Динара Амантай 31.01.2023 | 17:10
Фото: turkystan.kz

Астанада азық-түлік бағасының қымбаттауына байланысты қабылданып жатқан шаралар тиімсіз болып отыр. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңестің отырысы барысында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қаладағы өте өзекті мәселе – инфляцияның жоғары болуы. Былтырғы жыл қорытындысы бойынша бағаның қымбаттауы 23 пайызға жеткен. Бұл – республикадағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Астанада азық-түлік бір жылда орта есеппен 25 пайызға қымбаттады. Әкімдік тұрақтандыру қорында резерв жинауды қойып, «айналым схемасы» аясында сауда желілеріне жеңілдікпен займ беруге көшті. 14 миллиард теңге бөлінді. Бұл – өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Қабылданып жатқан шаралардың тиімсіз екені анық. Жылдар бойы елорданың айналасында азық-түлік белдеуін дамыту туралы айтылды, бірақ жұмыс орындалмады, – деді президент.

Оның айтуынша, Астана азық-түлікті Алматыдан 4 есе, ал Шымкенттен 2 есе аз өндіреді. Жалпы, барлық өңірмен салыстырғанда қала бұл көрсеткіш бойынша соңғы орында тұр. Кейінгі 8 жылда елордаға әкелінген азық-түлік импорты 3 есеге артты.

Бұл ретте жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындары тек жарым-жартылай жұмыс істеп тұр. Көкөніс сақтайтын қойманың жетіспеуі салдарынан жағдай қиындап отыр. Сондықтан 2025 жылға дейін қалада 13 мың тоннадан астам көкөніс сақтайтын қоймалар салу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған байланысты мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдіктерімен бірлесіп, елорданың айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама