Қазақстан мергендері Әлем кубогында үш жүлдені жеңіп алды
Жарысқа 31 елден 300-ге жуық спортшы қатысып жатыр
Индонезия астанасы Джакартада винтовка және тапаншамен нысана көздеуден Әлем кубогы үшін жарыс болып жатыр.
Бүгін отандастарымыз осы жарыста үшінші медальді жеңіп алды.
Ерлер арасында 10 метрден пневматалық винтовкамен нысана көздеуде Қазақстан құрамасы күміс жүлдегер атанды. Финалда Қазақстанның мергендері Австрияға 16:8 есебімен есе жіберді. Ел намысын Константин Малиновский, Никита Шахторин мен Ислам Сәтпаев қорғады.
Қазір Қазақстан 2 күміс және 1 қола медальмен жалпы есепте 7-орында тұр. Джакартадағы жарысқа барлығы 15 спортшымыз аттанды. Олардың бәрі Әлем кубогы қарсаңында 10-26 қаңтар аралығында Кувейтте өткен оқу-жаттығу жиынына қатысқан.
Индонезиядағы сайысқа 31 елден 300-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Онда спортшылар рейтинг ұпайларын сарапқа салып жатыр. Ал бұл ұпайлар кейін Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік береді. Әлем кубогы 7 ақпанда аяқталады.