×

Шенеуніктер өңірдегі мәселені көзімен көруге тиіс – Дархан Қыдырәлі

Министрлер халықпен жиі кездесетін болған

 Дәурен Ерболат 31.01.2023 | 14:35
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Шенеуніктер облыстағы мәдениет үйінде болып қана қоймай, сондағы мәселені көзімен көруге тиіс. Бұл туралы бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, 2022 жылға 227 кездесу жоспарланған. Оның 55-і бірінші жартыжылдыққа, 172-сі екінші жартыжылдыққа межеленген.

Нәтижесінде 2022 жылы (мамыр-желтоқсанда) барлығы 212 кездесу өткізілді. Министрлердің халықпен кездесулеріне жүргізілген салыстырмалы талдау жұмыстары екінші жартыжылдықта кездесу қарқыны 2,3 есе өскенін көрсетті. Жалпы халықпен кездесу өткізуге вице-министрлерді де тарту кестеде көрсетілген міндеттерді 1 айға жетпейтін уақытта атқаруға мүмкіндік берді, - деді министр Үкімет отырысында.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың былтыр 9 тамызда берген бірқатар тапсырмасы орындалған.

«Мәселен, мемлекеттік органдардың ашықтығын бағалау әдістемесіне «Халықпен кездесу» атты жаңа индикатор енгізілді. Енді министрлердің халықпен кездесуі мен оның нәтижелерін министрлік бағалайды. Сондай-ақ Жарлық талаптарына сәйкес, Үкімет қаулысымен орталық атқарушы орган басшыларының халықпен 2023 жылға арналған кездесу кестесі бекітілді», - деді Дархан Қыдырәлі.

Ол былтырғы тәжірибені негізге алып, халықпен кездесу жайындағы бірнеше ұсынысты ортаға салды. Министрдің пікірінше, Астанадағы шенеуніктер өңірдегі мәселені көзімен көруге тиіс.

Біріншіден, мәдениет үйлерінде және Орталық коммуникациялар қызметінің алаңдарында ғана халықпен кездесумен шектелмей, азаматтардың өтініштерінде көрсетілген проблемалық мекен-жайларға барып, жағдайды көзбен көрген абзал деген ойдамыз.

Екіншіден, министрлердің өңірлерге сапарын тек орталық атқарушы органдардың сайттарында ғана емес, жергілікті деңгейде, әсіресе өңірлік БАҚ-та және әлеуметтік желілердегі танымал парақшарларда жиі жариялауды қамтамасыз еткен жөн.

Үшіншіден, Үкімет қаулысымен бекітілген кесте министрлердің ғана халықпен кездесулерін реттейді. Жарлық талаптарына сәйкес, министрлермен қатар, вице-министрлер мен ведомство төрағаларының да өңірлерге шығуы қажет деген ойдамыз, - деді ведомство басшысы.

Дархан Қыдырәлі министрлер, вице-министрлер мен комитет төрағалары халықпен кездесу бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне есеп беруі керек деген пікірде.

Айта кетейік, бұған дейін Үкімет басшысы халықпен кездеспеген министрлерді атаған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама