Енді LRT жобасына жауап бермеймін – Алтай Көлгінов
Бүгінде LRT бойынша құрылыс жұмыстары басталған
Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов енді Астанадағы LRT жобасы жауап бермейді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
LRT менің құзыретімдегі шаруа емес. Бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Бұл – әкімдіктің мәселесі. Мен әкімдікте жұмыс істегенде оған қатысты бірнеше рет пікір білдірдім. 2022 жылдың қорытындысы бойынша біз өлі нүктеден қозғалдық. 50 млрд теңге бөлініп, жұмыс басталып кетті. Әкімдік жұмысты жалғастырып жатыр, - деді Алтай Көлгінов Үкімет отырысынан соң.
Вице-премьердің айтуынша, бүгінде жобаға қаржы бөлінген, жұмыс жалғасып жатыр.
2013 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев LRT құрылысы тым қымбатқа түсетінін мәлімдеді. Бірнеше жылдан кейін қытайлық инвесторлар келді. Ал 2019 жылы шілде айында Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіл рельсті көлік құрылысын сынға алып, осы жобаның тиімділігіне сенбейтінін айтты.
LRT құрылысы 2019 жылдың соңында аяқталады деген жоспар болған. Алайда қытайлық инвесторлар қаржыландыруды тоқтатты. Артынан «Астана банкінде» тағы 200 миллион доллардың бұғатталып қалғаны туралы ақпарат тарады. 2022 жылдың наурыз айында Есеп комитеті бұл жоба өзін ақтамайтынын мәлімдеді.
2022 жылдың маусымында Астана қаласының экс-әкімі Алтай Көлгінов LRT құрылысының қайта жанданғанын мәлімдеді. LRT-ны толығымен аяқтау үшін қосымша 1 миллиард доллар қажет.