Иранға тағы әуеден жойқын шабуылдар жасалды
Ресей армиясы осы шахид-камикадзелерді Украинамен соғыста емін-еркін пайдаланып келеді
Иранға арада бар болғаны бір күн өткеннен кейін тағы да әуеден шабуыл жасалды. Бұл туралы «Диалог.Ua» хабарлады.
Ұшқышсыз ұшақтар шабуылдарынан соң Иранның Ирак пен Сирияның шекарасындағы Әбу-Камал қаласында Ислам революциясы күзетшілері корпусының (ИРКК) жүк көліктер колоннасы мен штаб-пәтері отқа оранды. Ел билігі шабуылдардың кесірінен зардап шеккен бірде-бір сарбаздың болмағанын хабарлап үлгерді.
Журналист Гурбакши Сингх Чахала қауіпсіздік комитетінің дерегіне сүйеніп, Twitter-де сағат 22:15-те ұшқышсыз ұшақтар үш рет соққы бергенін жазды. Алғашқысы ескерту ретінде берілген, қалған екеуі азық-түлік алып келе жатқан трейлерлерге бағытталған. Бұдан басқа, Ислам революциясы күзетшілері корпусының штаб-пәтерінде де жарылыс болған.
29 қаңтарға қараған түні Иранда әскери зауыттар мен қоймалар осындай тұтқиылдан жасалған шабуылдар салдарынан отқа оранған болатын. Бұл зауыттардың бәрі де парсы елінің қару-жарақ шығаратын, соның ішінде дрон өндіретін кәсіпорындары болып шықты. Ресей армиясы осы шахид-камикадзелерді Украинамен соғыста емін-еркін пайдаланып келеді.
Бұқаралық ақпарат құралдары шабуылдардың артында АҚШ пен Израиль тұрғанын жазып жатыр. Олар Ресейге дрон беріп отырған Иранға осылай ескерту жасаған сияқты. Алайда АҚШ Қорғаныс министрлігі бұл жарылыстарға өздерінің ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Ал Израиль жағы әзірше үнсіз.
Иран билігі бұл шабуылдардан кейін стратегиялық маңызды нысандарының айтарлықтай зардап шеккендерін мойындамай отыр.
Халықаралық шолушылар осы екі күнде де Иран әуе шабуылдарына қарсы күштердің батыл шабуыл жасаған дрондарды қайтаруға қабілетсіздік танытқанын, бұлардың шығарған ұшқышсыз ұшақтарынан Израиль дрондарының әлдеқайда мықты екені осы тұста көрініп қалғанын жазып жатыр.