Марқұм сарбаздың тізесіне, қолына және аяғындағы саусағына пышақ сұққаны анықталды
2022 жылдың 9 тамызында Алматыда құмды дауыл кезінде басына шатырдың темір жақтауы құлап көз жұмған Алмас Шахимовтың өліміне қатысты жаңа деректер айтылды, деп хабарлайды Stan.kz.
Марқұм Алмас Шахимов өткен жылдың көктемінде әскерге кеткен. Ал 11 тамызда туыстары сарбазды жер қойнына тапсырды.
«Koremiz» бағдарламасы ұсынған деректерге сәйкес медициналық тексеріс нәтижесінде сарбаздың денесінен 3 пышақ және 23 дене жарақаты анықталған.
«Тізесіне, қолына және аяғындағы саусағына пышақ сұққан. Аяғынан теуіп, ұрған. Арқасының барлығы сызық-сызық, белбеумен ұрды ма, сырды ма белгісіз» – дейді апасы Күлмайда Туғанбаева.
Марқұмның апасының айтуынша, Алмас Шахимовты әскерге шақырмаған. Досымен бірге әскери бөлімге барған оны медициналық комиссиядан өткізіп, әскерге алып кеткен. Марқұм бір ай бұрын ғана көзіне ота жасатқан дейді апасы.
«Ол өрт сөндірушінің оқуында оқитын. Емтихан тапсырып, колледжді бітіруі керек еді. Көзі 50%-ға көрмейді, анасы екеуінің диагнозы бір. 28 мамырда түнде баламды алып кетті. Көзі нашар көретініне мән бермеді», – дейді ол.
Сонымен қатар Алмас Шахимов әскер қатарында жүрген кезінде офицері марқұм сарбаздың атынан несие алғызған екен.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда борышын өтеп жүрген сарбаздың құмды дауыл кезінде көз жұмғаны туралы хабарлаған едік. 5574 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген сарбаз оқу орталығындағы далалық жаттығуда болған кезде көз жұмған. Ведомство мәліметіне сәйкес, қатты жел салдарынан шатырдың темір жақтауы басына тиген.