СҚО-да жоғалып кеткен 10 жасар бала екі күннен кейін бос тұрған үйден табылды
Бала Цефей есімді неміс овчаркасының көмегімен табылды
Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында 200-ге жуық адам із-түссіз жоғалған 10 жасар баланы екі тәулік бойы іздеді. Оны табуға қызметтік ит көмектесті. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Баланың жоғалғаны туралы ақпарат 26 қаңтар күні түсті. Іздеу шараларына полицейлерден бөлек өрт сөндіру бөлімі, ТЖ бөлімі және аудан әкімдігінің қызметкерлері жұмылдырылды. Облыстық полиция департаментінен екі іздеу тобы көмекке келді. Сонымен қатар іздестіру жұмыстарына Жасқайрат, Қайрат, Қулыкөл ауылдарының және басқа да ауылдардың тұрғындары көмек көрсетті.
27 қаңтар күні бала аман-есен бос тұрған үйден табылды. Бұл үйдің иелері жол жүріп кеткені анықталды. Оны аудандық полиция бөлімінің кинолог-инспекторы Нұрлан Жауар Цефей есімді неміс овчаркасының көмегімен тапты.