Чехияның жаңа президенті ресми сапарларын Украинадан бастағалы отыр
Петр Павел – әскери адам, НАТО-ның бұрынғы генералы
Чехияның жаңа сайланған президенті Петр Павел шетелдер бойынша бірінші сапарын Украинаға барудан бастауға шешім қабылдады. Бұл туралы Чехияның pravda.sk порталы хабарлады.
Чехияның енді сайланған президенті Петр Павел мен Словакия президенті Зузана Чапутова жақын арада Украинаға бірге барып қайтуға ұйғарым жасасты, – делінген хабарламада.
Петр Павел осы мақсатта жексенбі күні Украина президенті Владимир Зеленскийге телефон арқылы хабарласатынын айтты. Украина лидері кеше оны президент болып сайлануымен құттықтаған болатын.
Петр Павел – әскери адам, НАТО-ның бұрынғы генералы. Президенттік орынтақ үшін бұрын Чехия Үкіметінің басшысы болып қызмет атқарған миллиардер-популист Андрей Бабичпен таласқа түсті.
Павел өзінің саяси бәсекелесін елдің төрт аймағынан бөлек барлық өңірлерінде де ұтты. Алдын ала мәлімет бойынша оның 57 пайыздан артық дауыс жинағаны белгілі болды.
Осылайша 61 жастағы Петр Павел 2013 жылдан бері екі мерзімде президент болған 78 жастағы Милош Земанның орнын басты.