Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтары бір-біріне ID-карта арқылы бара алады
Осы жеңілдік шекараны көліктің кез келген түрімен өтуде қолданылады
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің Қырғызстанға мемлекеттік сапары барысында 2006 жылғы 3 қазанда Өзбекстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасында қол қойылған Азаматтардың өзара сапарлары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама бекітілді.
Оған сәйкес, енді Өзбекстан азаматтары Қырғызстанға, дәл осылай Қырғызстан азаматтары да Өзбекстанға ID-картамен кіре алады (бұрын тек шетелге шығу төлқұжатпен ғана мүмкін еді, - ред.).
Азаматтардың шекарадан кіруі және шығуы туралы ақпарат электронды түрде тіркеледі де, төлқұжатқа мөр басудың қажеті болмайды.
Осы жеңілдік шекараны кез келген көлік түрімен (ұшақ, пойыз, автокөлік, автобус және басқа да көліктер) өтуде қолданылады.
Бұл рәсім қол қойылған құжаттарды екі ел де тиісті түрде бекіткеннен кейін күшіне енеді. Оған шамамен 1-2 айға жуық уақыт кетеді.
Бұл процедура әсіресе, Өзбекстанның Сух, Шахимардан, Чуңғара сияқты эксклав облыстарындағы азамттарына үлкен жеңілдік болып, олардың шекарадан өтулеріндегі артық бюрократияға жол бермейді.
Бүгінгі күнге дейін Өзбекстан бірде-бір елмен ID-карта арқылы өзара жүру тәртібі белгіленбеген еді. Қырғызстан бірінші болды.