Түркия да Украинаға танктерін беруі мүмкін – БАҚ

Дастан Жұмабекұлы

Испания бәрінен де асып түскелі тұрған сияқты. Ол осындай 53 машина беруді қарастырып отыр

фото: ашық дереккөз

Батыс елдерінің Украинаға бронетехника беру үшін құрған танк коалициясына Түркия да қосылып кетуі мүмкін. Бұл туралы The Moscow News хабарлады.

Порталдың хабаралуынша, бұған дейін Украинаны өзінің дрондарымен және қалқымалы электр станцияларымен қамтамасыз етіп келген түрік елі енді танк жинастырып беруге кіріскен өзімен одақтас НАТО елдері сапынан да көрінуі ықтимал.

Қазір Германияның Leopard танктері бар елдердің бәрі дерлік «донор коалициясын» құрып, украин армиясын қазіргі заманғы қарумен жабдықтауға жұмылып жатыр, – деді Польша Ұлттық қорғаныс министрі Мариуш Блащак.

Сондай-ақ ол Twitter-ге Украинаға танк беретін Испания, Канада, Польша және Норвегия елдері туының қатарына бұрын бұл жөнінде ештеңе айта қоймаған Түркияның да жалауын салып қойыпты.

Блащак аталмыш коалицияның өз инициативасымен құрылғанын атап өтті. Поляк мемлекеті осы кезге дейін КСРО-ның Т-72 танкісінің 250 данасын беріп қойды. Енді кемінде 14 «Leopard 2» танктерін жөнелткелі отыр.

Украина жалпы саны 321 танк алады, – деді BFMTV телеарнасына берген сұхбатында Украинаның Франциядағы елшісі Вадим Омельченко.

Өткен аптада өзге елдердің Украинаға жіберуіне Германия келісімін берген Leopard-тан басқа, Ұлыбританияның Challenger мен АҚШ-тың Abrams танктерінің де жөнелтілетіні белгілі болып қалды.

Танк коалициясына 12 ел кірді, – деп мәлімдеді 26 қаңтарда Украина президенті Владимир Зеленский.

Ол «Ресей террорына қарсы тұрғандардың» және қажетті қорғаныс құралдарын жеткізуді жылдамдатқандардың бәріне өзінің риза екенін білдірді.

Осы саптан ойып тұрып орын алатын Нидерланд Украинаға 18, Норвегия 8 дана «Leopard» беретін болды. El Mundo газетінің мәліметінше, Испания бәрінен де асып түскелі тұрған сияқты. Ол осындай 53 машина беруді қарастырып отыр. Португалия өзінің арсеналында бар 37 «Leopard 2» танкісінің 4-еуін бермек. Сол сияқты, Финляндия, Франция және Дания таяу күндері осы мәселенің нақты шешімдерін айтады. Ал Ұлыбритания өзінің «Challenger-2» танктерінің 14-ін, сондай-ақ жүздеген бронды машиналар мен «Бульдог» деген ат алып кеткен FV-432 бронетранспортерін беруге ұйғарым жасап қойды. АҚШ бірнеше ай көлемінде 31 «Abrams» танкісін жөнелтіп отырады.

Қару-жарақтың бұл жаңа пакеті Украинаға соғыс тактикасын өзгертіп, көктемгі-жазғы ұрыс қимылдарында айтарлықтай басымдық беруге тиіс.