×

Былтыр өндірістегі оқыс оқиғадан 203 адам қаза тапты

Сондай-ақ 1 465 адам зардап шеккен

 Динара Амантай 30.01.2023 | 12:45
Фото: ашық дереккөз

Республиканың өнідірістік аймақтарында жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталып отыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің мәліметіне сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалардан 1 465 жұмысшы зардап шеккен. Оның 203-і қаза тапты. Бұл ретте 2022 жылдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақат 2021 жылдың деңгейінде сақталып отыр.

2022 жылы өндірістік жарақаттану коэффициенті (1000 жұмысшыға шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілігі) 0,22%-ды құрады.

Республиканың өнідірістік аймақтарында жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталып отыр. Мәселен, Қарағанды облысында – 180, ШҚО-да – 169, Қостанай облысында – 142, Павлодар облысында – 112, Ақтөбе облысында – 103 және Алматы қаласында 114 адам зардап шеккен.

Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде – 16,2% және құрылыс саласында – 15%.

Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері: жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (33,9%); өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (29%); жол қозғалысы ережелерін бұзу (9,4%); қауіпсіздік және еңбекті қорғау ережелерін бұзу.

Қауіпсіз еңбек жағдайын жасау мен өндірістік жарақаттануды азайту Үкімет пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, соңғы 5 жылдың ішінде мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбекті қорғау саласы бойынша қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде өндірістік жарақаттану деңгейі 6,5%-ға түсті.

Профилактика мен бұзушылықтың алдын алу мақсатында еліміздің 2 800 кәсіпорны қауіпсіздік пен еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.

Сондай-ақ Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдарды «халықтық бақылаушы» ретінде тартуды көздейтін «Халықтық бақылау» әлеуметтік маңызды жобасы енгізілді. Бүгінде жобаны жүзеге асыруға республиканың 240 кәсіпорны қосылып, онда 600-ден аса жұмысшы ішкі бақылауды жүзеге асырып отыр.

2019 жылдан бастап министрлік тарапынан «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасын жетілдіру бойынша белсенді жұмыс атқарылып келеді. Оған бүгінде 332 кәсіпорын қосылды.

Сонымен қатар, «Онлайн еңбек консультанты» электронды сервисі іске қосылды. Ол жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында қашықтан өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету үшін еңбек заңнамасының сақталуының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сервис жұмыс берушінің еңбекті қорғау талаптарының сақталуының өзіндік тексеруден өтуін қарастырады. Сервис іске қосылғалы бері оны 13 854 жұмыс беруші пайдаланды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама