×

«Жәбірленушінің ұлы тапсырыс берген»: Алматыда ұрланған көлік Шымкенттен табылды

Полицияға «Хюндай» көлігінің ұрланғаны туралы иесі хабарлаған

 Халық үні 28.01.2023 | 23:28
Фото: polisia.kz

Алматыда ұрланған көлік Шымкенттен табылды. Көлікті ұрлаған адам осылай істеуге жәбірленушінің өз ұлы «тапсырыс бергенін» айтқан.

Полицияға «Хюндай» көлігінің ұрланғаны туралы иесі хабарлаған.

Әйелдің айтуынша, төрт сағаттың ішінде белгісіз біреу оның «Дарабоз» шағын ауданындағы үйдің ауласында тұрған шетелдік көлігін ұрлап кеткен.

«Осы қылмысты ашу мақсатында қалалық криминалдық полиция және Алатау аудандық полиция басқармасының қызметкерлерінен тергеу-жедел тобы құрылды. Біз бейнебақылау жүйелерінің мүмкіндіктерін белсенді түрде пайдаландық, оның көмегімен ең алдымен көлікті ұрлаған адамның қозғалу бағыты мен нөмірді ауыстыру дерегі анықталды. Күдік тудырмас үшін қаскөй ұрланған көлікке дәл сондай «Хюндай» көлігінің нөмірін салған. Жедел іздестіру шаралары жедел уәкілдерді Шымкент қаласына алып келді. Күдікті сол жерде ұсталды», - деді Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Дидар Аханов.

Алайда ұсталған адам - 2000 жылы туған К.есімді азамат жәбірленушінің ұлы шетелдік көлікті ұрлауға «тапсырыс бергенін» айтқан. Екеуі дос болып шықты.

«Біз нақты мән-жайды, қылмыстың себебін анықтаймыз. «Тапсырыс туралы» нұсқа да мұқият тексеріліп жатыр. Жастар сақтандыру төлемін алу үшін ұрлықты жоспарлаған болуы да мүмкін. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», - деді полковник Аханов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама