Қазақстан боксшылары Азия чемпионатында 20 жүлде жеңіп алды
Спортшылар 5 алтын, 3 күміс және 12 қола жүлдеге ие болды
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Таиландтың Бангкок қаласында 22 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Азия чемпионатында 20 медаль жеңіп алды.
Қазақстанның әйелдер және ерлер құрамалары 5 алтын, 3 күміс және 12 қола жүлдеге ие болды. Осы көрсеткішпен отандастарымыз жалпы командалық есепте екінші орынға шықты. Өзбекстанның өкілдері 21 (14, 4, 3) жүлдемен тізімде көш бастады. Үздік үштікті шаршы алаңның иелері – Таиланд боксшылары (3, 4, 2) түйіндеді.
Қазақстанның ерлер құрамасында Санжар Ташкенбай (48 кг), Нұрсұлтан Алтынбек (54 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг) Азия чемпионы атанса, әйелдер командасында Жасмин Қизатова (70 кг) мен Гүлсай Ержан (81 кг) құрмет тұғырына көтерілді.
Күміс медаль Абзал Серік (67 кг), Сабыржан Аққалықов (71 кг) пен Диас Молжігітовке (75 кг) бұйырды.
Қола жүлдені Талғат Сырымбетов (60 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Ерасыл Жақпеков (80 кг), Ерхат Бекзат (92 кг) пен Аманат Сабырғали (92 келіден аса салмақ ) алды. Әйелдер арасында Мөлдір Тойқова (50 кг), Әнел Сақыш (54 кг), Виктория Графеева (57 кг), Шахназ Исаева (60 кг), Назерке Серік (63 кг), Ақнар Есжанова (66 кг) мен Дана Дидай (75 кг) қола жүлдені қанағат тұтты.