Батыс өңірлердегі жолдарға заманауи жаяу жүргіншілер жолақтары орнатылды
Олар адам көзіне ұзақ жерден көрінеді
Биыл еліміздің екі өңірінде проекциялық жаяу жүргіншілер жолақтары орнатылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, республикалық маңыздағы автожолдарда жаяу жүргіншілерді көлікпен қағып кету оқиғаларының санын азайту үшін проекциялық жаяу жүргіншілер жолақтарын орнату бойынша жұмыстар жалғасып келеді.
Жаяу жүргіншілерге арналған мұндай жолақтардың ерекшелігі сол, ол адам көзіне ұзақ жерден көрінеді. Бұдан бөлек, күн райының қолайсыз кездері мен қысқы уақытта да оны анық байқауға болады.
2023 жылдың басынан бері осындай үлгідегі жолақтар тағы екі өңірге қойылды. Атап айтқанда, Маңғыстау облысында Р-33 «Доссор-Құлсары-Ақтау» автожолының 179 мен 719-шақырымындарына және Атырау облысында А-27 «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» республикалық жолының 846-шақырымына орнатылды. Еске сала кетсек, бұған дейін тың үлгідегі жолақтар Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының бірқатар жолына қойылған болатын.
Аталған өткел арнайы орнатылған проекциялық құрылғының көмегімен жарықтандырылады. Бұл технологиялар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының аса қауіпті учаскелеріне, атап айтқанда елді мекендердің жанына, сондай-ақ жарығы төмен жолдардың учаскелеріне және жолдың бойындағы сервистік нысандардың маңына орнатылады.
Айта кетсек, заманауи технологияларды енгізу мен республикалық маңыздағы жолдарда қауіпсіздікті арттыру мақсатында түрлі инновациялық шешімдер ұдайы қолданылып келе жатыр. Мысалы, 2022 жылдың басынан бастап осы күнге дейін республика бойынша жол қызметінің мамандары 106 дана жарықдиодты страбоскоп құрылғысын, 38 дана жарықдиодты жол белгісін және 6 500-ден аса жарықдиодты катафотты орнатқан.
Сондай-ақ былтыр Ақмола облысының республикалық маңыздағы автомобиль жолдарына КД-3 – «мысық жанары» («кошачий глаз») заманауи шағылыстырғыш элементтері қойылды. Бұл көру мүмкіндігі шектеулі жерлерде жол төсемінің немесе жолақтардың шекараларын белгілеу үшін қажет.