Иранда Әзербайжан елшілігіне шабуыл жасалды (ВИДЕО)

Дастан Жұмабекұлы

Ильхам Әлиев оқиғаны терракт деп бағалады

фото: ашық дереккөз

Бүгін Иранның астанасы Тегеран қаласында Әзербайжан Республикасасының елшілігіне шабуыл жасалды. Кейін оның видеосы жарияланды.

Шабуыл шамамен Баку уақыты бойынша таңғы сағат 8:30 шамасында болған. Шабуылшы Калашников автоматынан оқ жаудырған. Содан елшілікте жұмыс істейтін қауіпсіздік қызметінің басшысы қаза тапты. Елшіліктің екі күзетшісі де жараланған. Қазір оқиға бойынша тергеу болып жатыр.

Ал дипломатиялық мекемеге шабуылдың видеосынан ғимаратқа қару асынып кірген адам түсіп қалған. Ол бірден оқ жаудырады. Шабуыл кезінде екі адам қашып кетеді. Сол кезде тағы бір есіктен ақ жейде киген күзетші жүгіріп шығып, оны қолын қайырып ұстауға тырысады. Видео осы жерден үзіледі.

Осы оқиғаға байланысты Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ирандағы оқиғаны терракт деп бағалады. Ал Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің басшысы Айхан Гаджизаде елшіліктің қызметкерлерін елге қайтару туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.

Әзербайжан Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі де елшілікке шабуылды террористік акт деп айыптап, қылмыстық іс қозғады.