Үкімет басшысы Шымкент әуежайын тез жөндеуді тапсырды
Жаңа терминал жақын арада пайдалануға берілу керек, – деді Әлихан Смайылов
Бүгін премьер-министр Әлихан Смайылов Шымкентке жұмыс сапарымен барды. Ол ең әуелі жоспарланған бағдарламадан бөлек, қалалық әуежайдың жай-күйімен танысып, жаңа терминал құрылысын тездетіп бітіруді тапсырды.
Әлихан Смайылов Шымкент Шығыс пен Батыс арасындағы көлік қозғалысының түйіскен жерінде орналасқан еліміздегі үшінші ірі мегаполис екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде тікелей және транзиттік рейстерді орындауға ыңғайлы жағдай жасайды.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы Шымкент әуежайының жағдайы халықаралық мәртебеге сәйкес келмейтінін атап өтті.
Жаңа терминал салу 2018 жылы тапсырылған болатын. Не себепті әлі күнге дейін пайдалануға берілмей отыр? Қалаға немесе елге келген туристер мен қонақтар ең алдымен әуежайдың жағдайына назар аударады. Сол себепті, тез арада жаңа терминалды пайдалануға беру керек, – деді Әлихан Смайылов.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жаңа терминал құрылысының жұмысы 80% аяқталғанын, құрылысы 40 мың шаршы метрді алып жатқанын айтты. Терминал 2023 жылдың соңында толығымен пайдалануға беріледі. Қала басшысының айтуынша, бұл еліміздегі ең ірі терминалдардың бірі болады.
Үкімет басшысы әкімдікке жұмыстардың барлығын мүмкіндігінше тезірек аяқтап, құрылыстың одан әрі созылуына жол бермеу қажеттігін тапсырды.