Halyq Uni логотип
×

БҚО-да оқушылар мектепке мас болып барған

7 желтоқсанда тағайындалған мектептің қазіргі директорына дейін жаңа оқу жылы басталғалы екі басшы ауысыпты

 Халық үні 27.01.2023 | 07:50
БҚО-да оқушылар мектепке мас болып барған
Фото: astanatv.kz

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы мектеп оқушылары сабақ кезінде ішімдік ішіп ұсталды. Тіпті, кейбірі  ұстаздарына ауыр сөз айтып, балағаттайды екен. Мектеп басшылығы олардың тәртібін тезге салуға тырысқанымен, бұған оқушылардың ата-анасы қарсы шығып отыр, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

7 желтоқсанда тағайындалған мектептің қазіргі директорына дейін жаңа оқу жылы басталғалы екі басшы ауысыпты. Соңғы директор ең алдымен оқушылардың тәртібін түзеуге кіріскен. Өйткені мектепке шашын бұйралап, мұрнын тесіп келетін жоғары сыныптың қыздары сабақ үстінде боянып отырса, ұлдар жағы ұстаздарын балағаттаудан тайынбайды екен. Тіпті кейбірінің сабақ кезінде ішімдік ішкені анықталған.

«Балалар тыныш отырамыз дейді, телефонмен, наушникпен отырайықшы дейді. Бізге сабақ қызық емес, дейтін балалар бар. Кеше сол бала тағы да боқтап, мұғалімнің намысына тиді. Сол баламен жұмыс істедік. Бірақ мамасы жұмыста екен. Мектепте тәртіп болмай кетті, солардың әсерінен балалар мектепке ішімдік алып келетін болған ғой», – дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Мейрамгүл Кубашева.

Бүгінде оқушыға ішімдік сатқан дүкен иесі мен әке-шешесіне айыппұл салынған. Ал ата-аналар мұнымен келіспейді. Олардың айтуынша, қазіргі мектеп басшылығы ұжымды қорқытып-үркітіп ұстайды. Сондықтан, оларды қызметтен қуу керек.

«Жұрттың көмегімен осы мектепке балаларды киіндіріп отырмын. Бұл киім біреуде бар, біреуде жоқ. Үлкен балам мүгедек, сегіз оқиды. Ол киімге егер жағдайы жоқ болса, қалай киеді, не деп киеді, несін киеді, барын киіп келеді», - дейді оқушының әжесі Мәрзия Медетова.

«Мектеп директорының міндетін атқарушы мен оның орынбасарын орнынан алып тастауды талап етеміз. Өйткені мұғалімдер мен оқушылардың жағдайы қиын. Себебі мектеп басшылығы олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді, бітпейтін ұрыс-керіс. Тіпті мектеп басшысы егер біз жиналсақ, бәрімізді сотқа берем деді», – дейді оқушының анасы Диана Кенжалиева.

Мектеп басшылығының айтуынша, бұл даудың бәрін әлдебір сыртқы күштер ұйымдастырып отыр. Яғни, оларға әмірін жүргізе алмағандар ата-аналарды айдап салыпты.

«Құқығым бұзылғалы бері 2015-тен бері мен жалғыз болсам да құқығымды қорғауға тырысып жүрмін. Ал мыналар егер бірнеше педагог болса, оларға оңай ғой. Олар ұйымдасып барып, шығуы керек қой осылай. Біреуі ата-анаға айтып жіберу, ата-ана арқылы өзінің құқығын қорғау – ол педагогқа тән қасиет емес қой деп ойлаймын. Педагог жоғары білімді адам, өзін-өзі қорғауы керек. Ата-аналар арқылы әңгіме айтып қорғатпау керек», – дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Тілекқабыл Нұрышов.

Биыл мектеп оқушыларының сабақ үлгерімі 3 процентке көтерілген. «Алтын белгіге» үш оқушы үміткер. Талабынан таймаған ата-аналар енді білім басқармасы басшысына арыз жазды. Облыстық білім басқармасының өкілдері мектеп директорын ауыстыру жөнінде конкурс жарияланғанын жеткізді. Яғни, осы сыннан сүрінбеген үміткер жүрегі дауаласа, басынан дау арылмайтын мектепке басшы боп бармақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама