×

«2 сағат қорқытып, видеоға түсірген»: Қонаевта ер адам үйін тазалауға келген әйелді зорлаған

Жалғызбасты ана пәтерақыға жетпей тұрған 20 мың теңге үшін танысының үйін тазалап беруге келіскен

 Халық үні 26.01.2023 | 23:36
Фото: astanatv.kz

Қонаев қаласының тұрғыны үйін жинауға келген әйелге зорлық көрсеткен, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Қаскүнем келіншекті біреуге айтсаң өлтірем деп бопсалаған көрінеді. Ал зәбір көрген әйел балам үшін қорыққанымнан оның бар айтқанын істедім дейді.

Жалғызбасты ана пәтерақыға жетпей тұрған 20 мың теңге үшін танысының үйін тазалап беруге келіскен. Алайда үй иесі әйелді жауыздықпен ұрып-соғып, зорлық көрсеткен.

«Мен ештеңе істей алмадым, пышақтың сабымен басымды ұра берді, қарсы тұруға күшім де болмады. Ақырында пышақпен қорқытып зорлығын жүзеге асырды. Есімді жиғанда жуынатын бөлмеде болдым. Ол мені видеоға түсіріп «Барлығына өзім келістім» деп айтқызды, бірнеше рет түсірді. «Біреуге тіс жаратын болсаң тауып алып өлтіремін, балаңды да зорлаймын» деп 2 сағат шығармай, қорқытып отырды», - дейді жәбірденуші Құндыз.

Жауыздыққа душар болған әйел құрбысына мекенжайды жіберіп, көмекке шақырыпты.

«Кіргенім сол құлындағы бөтелкемен қуып жіберді. Есін білмейді. Мен өзім ауруханада істеген соң бұндай адамдарды білемін. Түрден түр жоқ, бет-аузының бәрі қансырап, быт-шыт болып кеткен. Тек қолмен ұрмаған, шаңсорғыштың темірімен де ұрған», – дейді куәгер Қарлығаш есімді келіншек.

Қалада «әйелдерді алдап үйіне шақырып, қорлық көрсететін адам пайда болды» деген хабарлама тараған. Күдікті тағы бір әйелді аямай соққыға жыққан. Әйел айғайлап, қарсылық танытқанының арқасында ғана тірі қалдым дейді. Бірақ бұған қатысты қозғалған іс созылып бара жатқанын айтады.

«Әлеуметтік желіде тараған қылмыстық іс қазіргі таңда Қонаев қаласының прокуратурасында. Өз өндірісіне қабылдады. Қылмыстық процестік кодекстің 300-бабына сәйкес оқылымда жатыр», - дейді Алматы облысы прокуратурасының баспасөз хатшысы Мақсат Әбіров.

Алматы облысы прокуратурасының мәліметінше, бұл іс бойынша 10 күннің ішінде тексеру жұмыстары жүргізіледі. Заңдылығы тексеріліп, сотқа жіберу жөнінде шешім қабылданады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама