Halyq Uni логотип
×

Түркістан облысында анасы 15 жастағы қызын 600 мың теңгеге сатып жіберген

Түркістандық жігіт жасөспірімді Жетісайға алып қашып, оның өтеуі деп анасына ақша берген

 Халық үні 26.01.2023 | 21:46
Түркістан облысында анасы 15 жастағы қызын 600 мың теңгеге сатып жіберген
Фото: astanatv.kz

Анасы оқушы қызын 600 мың теңгеге сатып жіберген, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Түркістандық жігіт жасөспірімді Жетісайға алып қашып, оның өтеуі деп анасына ақша береді. Оны әлеуметтік желіден көрген әкесі бірден полицияға арызданады. Айтуынша, олар жеткіншектің анасымен ажырасып кеткен, кәмелетке толмаған перзенті үшін алимент төлейді.

«Бұл жағдайды дәстүр бойынша қыз алып қашу дей салуға болмайды. Қылмыс жасау фактісі расталды. Сонымен қатар 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу де қылмыс, себебі бұл некеге мен өз рұқсатымды берген емеспін. Себебі, қызым 15 жаста ғана. Ол өздігінен шешім қабылдай алмайды. Бұл жерде де қылмыс дәлелденіп отыр», – дейді қыздың әкесі.

Құзырлылардың дерегі бойынша, қыз танысына тұрмысқа шыққан. Ал анасы кейін қызды алып кеткен. Қазір бұл іс бойынша сараптама тағайындалды.

«Шымкент тұрғыны кәмелетке толмаған қызын үйлену мақсатында алып қашқаны туралы арыз түсірді. Жетісай ауданының полициясы ҚР ҚК-нің 122-бабы «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады», -дейді Түркістан облысы Полиция департаменті баспасөз хатшысы Гүлнар Абдужаппарова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама