Үкімет басшысы жауапты министрге тапсырма берді
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қазақстандағы сапасыз интернет үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге ескерту жасады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Бағдат Батырбекұлы, қазақстандықтардың сапасыз интернет пен ұялы байланыспен қамтуға қатысты шағымын көріп отырсыз. Тіпті, ірі қалаларда да сапалы байланыс болмайды. Қазір бәрін ұялы телефонның көмегімен істеуге болады. Бірақ кейде интернеттің болмауына байланысты оны да істеу мүмкін емес. Бұл мәселені шешу керек», - деді Әлихан Смайылов.
Премьердің айтуынша, барлық қала мен аудан орталығында, сондай-ақ республикалық және негізгі облыстық маңызы бар автожолдарда сапалы ұялы байланыс пен интернет болуы керек.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұялы байланыс пен интернетке талдау жүргізуі керек. Тиісті шаралар әзірленіп жатқан «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде қабылдануға тиіс, - деді Әлихан Смайылов министрге берген тапсырмасында.