Боксшы Жасмин Қизатова мен Гүлсая Ержан Азия чемпионы атанды
Бұдан басқа, еліміздің қоржынына 7 қола жүлде түсті
Таиландтың астанасы Бангкок қаласында 22 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында Жасмин Қизатова мен Гүлсая Ержан бас жүлдені жеңіп алды.
Жасмин Қизатова 70 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Азиза Зокировамен кездесті. Бұл кездесу өте тартысты және қызықты өтті. Онда отандасымыз қарсыласына дес бермей, үш раундта да босаңсымай, 3:2 есебімен ұтты. Осы жеңіс Қазақстан қоржынына алғашқы алтын жүлде әкелді. Содан кейін шаршы алаңға 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі боксшылар көтерілді. Бұл санатта рингке Гүлсая Ержан шықты. Ол финалда алаң иесі Порниппа Чутимен қолғап түйістірді.
Кездесуде бірінші раундта Таиланд боксшысы басымдық танытқанымен екінші раундта отандасымыз таразы басын теңестіре алды. Үшінші раудта Гүлсая Ержан қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Сөйтіп, төрешілердің шешімімен қазақ қызы 3:2 есебімен ұтты.
Осылайша, Қазақстан қыздар құрамасы Азия біріншілігінде 2 алтын, 7 қола медальді жеңіп алды.
Бұдан бұрын Мөлдір Тойкова (50 кг), Әнел Сақыш (54 кг), Виктория Графеева (57 кг), Шахназ Исаева (60 кг), Назерке Серік (63 кг), Ақнар Ищанова (66 кг) мен Дана Дидай (75 кг) қола жүлдеге ие болған еді.