×

Зеленский жемқорлық дауынан соң төрт шенеунікті қызметтен алды

Президент кеңсесі басшысының орынбасары Кирилл Тимошенко Porsche Taycan мен Chevrolet Tahoe көлігін алған

 Дастан Жұмабекұлы 25.01.2023 | 16:13
фото: ашық дереккөзден біріктірілген

Украина президенті Владимир Зеленский жемқорлық жанжалына ұшыраған төрт лауазымды адамды қызметтерінен босатты. Бұл туралы The Moscow News хабарлады.

Украина президенті Владимир Зеленский биліктегі жемқорлық жайлы журналистік зерттеулер жарияланымдарынан соң бірден төрт жоғары лауазымды шенеунікті отставкаға жіберді, – делінген хабарламада.

Президент кеңсесі басшысының орынбасары Кирилл Тимошенко өз өтініші бойынша орнынан кетті. Ол соғыс барысында Ресей қиратқан территорияларды қалпына келтіруге жауап беретін еді. Ал соғысқа дейін «Үлкен құрылыс» бағдарламасына бақылау жасады.

Жемқорлықтың жолын кесу жөніндегі ұлттық агенттік желтоқсанда Тимошенкоға қарсы тексеріс бастады. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарында шенеуніктің ұрыс қимылдары болып жатқан кезде 100 мың долларға соңғы модельдегі Porsche Taycan көлігін сатып алғаны туралы зерттеу мақаласы жарияланғаннан кейін қолға алынды. Бұдан басқа, Тимошенконың гуманитарлық қажеттілік үшін General Motors компаниясы сыйға тартқан Chevrolet Tahoe деген жолсыз жердің көлігін де өзі алып қойғаны жайлы ақпарат тарады.

Сондай-ақ журналистер Тимошенконың Киевтегі элиталық кенттердің бірінде аумағы 1200 шаршы метрлік имениеде тұратынын да анықтады. Ал Жаңа жыл дастарханында оның үстелінде құны 2 мың еуроға жақын тұратын тәрелкелер болған.

Тимошенконың соңынан Украина Қорғаныс министрінің армияны материалдық-техникалық жағынан жабдықтауға жауап беретін орынбасары Вячеслав Шаповалов та өз арызы бойынша қызметінен қуылды. Журналистік зерттеулер Қорғаныс министрлігінің әскерилер үшін сатып алып жүрген азық-түліктері бағаларының көтерме саудадағыдан екі-үш есе көп екеніне көз жеткізген болып шықты.

Айтылып отырған айыптаулар негізсіз және дәлелсіз, – деп мәлімдеді әскери ведомостводағылар.

Алайда Шаповалов «тағам қызметін сатып алуға байланысты айыптаулар нәтижесінде Украина Қарулы күштерін тұрақты қамтамасыз етуге қауіп төнбеуі үшін» қызметінен кетуге ұйғарым жасады. Министрліктегілер оның шешімін «еуропалық және демократиялық саясат дәстүрлеріне лайықты әрекет» деп бағалады.

Отставкаға бас прокурордың орынбасары Алексей Симоненко да жіберілді. Президент кеңсесіндегілер оның өз еркімен қызметінен кеткенін хабарлады. Осының алдында «Украинская правда» Симоненконың Жаңа жылда львовтық кәсіпкер әрі депутат Григорий Козловскийдің испандық «Мербель» көлігімен жүргенін жазған еді.

Ақырында Украинаның қауымдастықты және территорияны дамыту министрінің орынбасары Иван Лукерь де қызметтен кету туралы өтініш жазыпты. Ол Тимошенко сияқты «Үлкен құрылыс» жобасын бақылауда ұстап, өңірлермен жұмыс жасасып келген еді. Айтуынша, ол Үкіметтен кетуге жылдың басында-ақ шешім қабылдап қойған екен. Бірақ мұнысы елдегі «саяси және бюрократтық жағдайларға байланысты» Украина Министрлер кабинетінде отставкалар легі жүріп жатқан кезге сәйкес келіп қалған.

Сондай-ақ Зеленский кадрлық ауыс-түйістер шеңберінде 5 облыстың басшыларын отставкаға жіберді. Олардың қатарында Днепропетр облысының әкімі Валентин Резниченко, Запорожье облысының әкімі Александр Старуха, Киев облысының әкімі Алексей Кулеба, Сумы облысының әкімі Дмитрий Живицкий және Херсон облысының әкімі Ярослав Янушевич бар.

Осының алдында Зеленский өзінің күнделікті кешкілік жасайтын кезекті үндеуінде Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі билік өкілдерінің шетелдерге барып демалуға тыйым салатын шешім қабылдағыны жайлы мәлімдеген болатын. Сондай-ақ ол «министрліктер мен басқа да орталық билік құрылымдары және өңірлер мен құқық қорғау жүйесі деңгейіндегі әртүрлі басшыларға қатысты кадрлық шешімдер болатынын» ескертті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама