Дәрігерлер Талғардағы көлік қағып кеткен үш оқушының жағдайы туралы айтты
Көлік рөлінде 47 жастағы әйел болған
29 қарашада Талғарда жолдың жолаушыларға арналған бөлігінен өтіп бара жатқан үш оқушы қызды Volksagen Golf көлігі қағып кетті. Рөлде 47 жастағы әйел болған.
Зардап шеккендер жол апатынан кейін бірден Алматының өңірлік клиникалық балалар ауруханасына жеткізілген. Тексеруден кейін балаларға жабық бассүйек-ми жарақаты, бас миының шайқалуы диагнозы қойылған. Арасындағы жасы ең кіші оқушының маңдай тұсына зақым келген, ал ең ересегі тізе буынынан жарақат алған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, қазір зардап шеккен үш оқушы қыздың біреуі ауруханада жатыр. Қалған екі оқушы амбулаториялық емдеуге жолданды.
Үшінші оқушының жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Тізе буын жарақатына байланысты Алматы өңірлік клиникалық балалар ауруханасына жатқызылды, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.
Полиция сараптама қорытындысы бойынша автокөлік жүргізушісіне қатысты процессуалдық шешім шығатынын мәлімдеді.