Жамбыл облысында 8 мың литр этил спирті тәркіленді
Өнімнің нарықтағы құны - 19,2 млн теңге
Жамбыл облысында құны 19 млн теңгені құрайтын этил спирті бар заңсыз қойма анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 19 қаңтарда ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп, Меркі ауданы Қостоған ауылының шекара маңында орналасқан шаруа қожалығынан заңсыз сақталған этил спиртін анықтаған.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қойма ретінде жабдықталған сарайда көлемі 1 тонна болатын 8 бөшкедегі 8 мың литр этил спиртін тауып, тәркіледі.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 214-бабы 1-бөлігі («Заңсыз кәсіпкерлік, заңсыз банктік, микроқаржылық немесе коллекторлық қызмет») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, контейнерлерден алынған үлгілердің тамақ шикізатынан тазартылған этил спирті екендігі анықталды. Құрамында спирті бар 8 мың литр өнімнің нарықтағы құны орташа есеппен 19,2 млн теңгені құрайды.
Осы жағдайға байланысты полицейлер шаруа қожалығының 51 жастағы иесін анықтады. Қазір істің толық мән-жайларын анықтау бойынша тиісті жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.