«Болашақ» түлектері әлемдегі үздік ғалымдардың қатарына кірді
Олардың жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған
2022 жылғы 3 қарашада жарияланған Elsevier ғылыми баспасының соңғы деректеріне сәйкес, Стэнфорд университетінің сарапшылары құрастыратын «Әлемдегі ең беделді ғалымдардың 2%-ы» (World's Top 2% Scientists) рейтингіне «Болашақ» бағдарламасының 3 түлегі кірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Стэнфорд университетінің зерттеушілері библиометриялық зерттеу негізінде жыл сайын әлемдегі үздік ғалымдардың рейтингін жасайды. Зерттеу екі дерекқорды қамтиды. Бірінші рейтингте өз мансабында жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған ғалымдар ұсынылса, екіншісінде соңғы жылдағы жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған ғалымдар көрсетілген.
Scopus базасындағы жарияланым белсенділігінің өсу қарқыны бойынша көш бастаған үміткерлер іріктелді.
2021 жылы жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған авторлардың және өз мансабында жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған ғалымдардың тізіміне ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Ратбай Мырзақұлов кірді.
Жұмыстардың дәйексөзділігі - әріптестер тарапынан ғылыми қызмет нәтижелеріне жоғары баға беруі. Менің Астрофизика, гравитация, космология және солитон теориясы бойынша ғылыми еңбектеріме көп сілтеме жасалды. Бұл жас ғалымдар үшін үлгі боларлық дүние деп ойлаймын», – деді ғалым.
Сондай-ақ 2021 жылғы үздік ғалымдар рейтингі «Болашақ» бағдарламасының екі түлегін – Нұрлан Оразалин мен Сәрсенбек Монтаевты ерекше атап өтті.
Әлемдегі ең үздік ғалымдардың қатарына ену - әлемдік ғалымдар қауымдастығына интеграциялануға үлкен мүмкіндік. Ғылыми бағытымды одан әрі жетілдіруге де ынталандырады, – деді Сәрсенбек Монтаев.
«Болашақ» бағдарламасының стипендиаты Сәрсенбек Монтаев құрылыс материалдары өндірісіндегі жаңа технологияларды әзірлеумен айналысады. Ол Жапонияда «Нанотехнология» мамандығы бойынша ғылыми тағылымдамадан өткен.
Бағдарламаның түлегі, ғалым Нұрлан Оразалин де қазір еліміздегі ғылымның дамуына өз үлесін қосып келеді.
Мені әлемдегі ең көп сілтеме жасалған ғалымдардың 2%-на қосқанын білгенде өте қуандым. Бұл – көпжылдық және жүйелі жұмыстың нәтижесі. Ғылыми жарияланымдарымның тақырыптары – корпоративтік басқару, тұрақты даму, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік, бухгалтерлік есеп пен қаржының өзекті мәселелері. Қуантатын жайт, әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар менің ғылыми жарияланымдарыма сілтеме жасады, – деп атап өтті КИМЭП университетінің Бухгалтерлік есеп және қаржы ассистент-профессоры.