Мәскеу Украинаның дрондарынан қорғануға кірісті

Дастан Жұмабекұлы

Соның бірі Путиннің Ново-Огареводағы резиденциясы маңына орнатылды

фото: ашық дереккөз

Ресей басшылығы қарулы күштерді Мәскеу қаласын Украина дрондарының шабуылдарынан қорғауға дайындауды тапсырды. Бұл туралы The New York Times хабарлады.

Ресей билігі бұдан бұрын ұрыс қимылдары аймағынан жүздеген шақырым жерде жатқан Ресей территорияларына шабуыл жасаған украин дрондарының келесі кезекте Мәскеуге бағытталуы мүмкін шабуылдарынан қорғануға дайындалып жатыр, – делінген хабарламада.

Мұның алдында украин әскерлерінің шабуылдарынан сескенген Ресей билігі Мәскеуге әуе қорғанысы жүйесін орнату жөнінде шешім қабылдаған болатын. Бұған украиндардың Саратов және Калуга облыстарындағы аэродромдарды бірнеше рет соққының астына алуы себеп болған еді. Атап айтқанда, былтыр қазан айының басында Калуга түбіндегі аэродромға шабуыл жасалса, 5, 26 және 29 желтоқсанда Энгельстегі база сондай соққылардың астында қалды. Екеуі де Мәскеуден шамамен 500 шақырым жерде орналасқан.

Қазір Мәскеуде қосымша әуе шабуылынан қорғаныс жүйесін орнату жұмысы қызу жүріп жатыр. Осының алдында «Панцирь» деп аталатын мұндай қондырғының Қорғаныс министрлігі Фрунзе жағалауындағы штаб-пәтерінің шатырында, сондай-ақ қаланың ортасындағы Тетеря тұйығындағы үйлердің бірінде пайда болғаны анықталған. Енді осындай қондырғылар Остафьеводағы әскери аэродромына жақын жерге, «Газпром-авиа» бизнес-әуежайы мен Владимир Путиннің Ново-Огареводағы резиденциясы маңына орнатылды.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистермен кездесуі кезінде Мәскеуге әуе шабуылынан қорғаныс жүйесінің орналасуы туралы түсініктеме беруден бас тартты.