Таразда аса ірі мөлшерде есірткі сақтаған ер адам ұсталды
36 жастағы күдікті 7 жылға сотталуы мүмкін
Аса ірі мөлшерде есірткі сақтаған Тараз тұрғыны ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жамбылдық полицейлер жедел іздестіру іс-шаралары барысында Шу ауданындағы шаруа қожалығының аумағында тараздық 36 жастағы тұрғынды ұстаған. Шаруа қожалығының аумағын тексеру барысында сарайдың бұрышынан өткір иісті жасыл түсті өсімдік тектес заты бар полиэтилен пакет табылды. Сараптама нәтижелеріне сәйкес, табылған заттың жалпы салмағы 3 келі 780 гр кептірілген марихуана және 795 гр гашиш есірткісі екендігі анықталды.
Ұсталған адам өз кінәсін мойындап, Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір осы дерек бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігімен («Есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау») сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл бап 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады, – деп хабарлады Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.