4 жылда өңірде жаңа 14 мың жұмыс орны ашылады
Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайыловқа Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы таныстырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Кешенді жоспар 9 бағыттан тұрады әрі 102 іс-шараны қамтиды.
2023-2027 жылдарға арналған инвестицияның жалпы көлемі – 1,9 трлн теңге. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 515 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 110 млрд теңге, жеке инвестиция – 1,3 трлн теңге, сондай-ақ білім инфраструктурасын қолдау қоры арқылы 22 млрд теңге қарастырылған, - деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Оның айтуынша, жоспарда өнеркәсіпті дамыту бойынша бірқатар іс-шара бар.
«Мысалы, тау-кен байыту комбинатының құрылысы, «Айдарлы» мыс кен орнын игеру жұмыстары бар. Сондай-ақ 6 өндірістік нысанның құрылысы және пайдалы қазбаларды анықтау үшін ауқымды барлау, геологиялық іздестірулер жүргізу және басқа да маңызды жобалар бар», - деді ведомство басшысы.
Облыста 2 сүт фермасы, 2 бордақылау алаңын салу жоспарланған.
Кәсіпкерлік және туризмді дамыту үшін 2 сауда ойын-сауық орталығын, 5 жұлдызды қонақ үй кешенін және Алакөл көлінің жағалауында демалыс базасын салу жоспарланып отыр. Семейде және басқа да қалалар мен ауылдарда үшінші жылу-электр орталығын салу, жылу көздері мен пункттер, электрмен жабдықтау және су құбыры желілері жаңартылады. Семей, Аягөз, Курчатовта кәріз-тазарту имараттарының құрылысы да көзделген, - деді министр.
Сондай-ақ көлік саласы мен логистиканы дамыту үшін 11 көпір салынады.
«Аягөз-Бақты-Қытай шекарасы» учаскесінде теміржол салу және реконструкциялау, Үржар ауылында транзиттік-көлік объектісін, әуежай терминалын құру жоспарланып отыр. Жалпы ұзындығы 1 465 шақырым болатын жергілікті жолдарға күрделі және орташа жөндеу жүргізіледі. Жалпы 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады», - деді Әлібек Қуантыров.