×

Депозиттер бойынша өтемақы төлеуге 304,4 млрд теңгеге өтініштер қабылданды

Өтемақы төлеуге өтініш беру мерзімі ұзартылды

 Динара Амантай 24.01.2023 | 11:20
Фото: Halyq Uni

2023 жылдың 20 қаңтарындағы жағдай бойынша банктер теңгелік салымдар бойынша өтемақы (сыйлықақы) төлеуге 304,4 млрд теңгеге өтініштер қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, аталған қаржы мемлекет тарапынан төленуге жататын өтемақының әлеуетті сомасының 92,3%-ын құрайды. Үкіметтің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысына сәйкес, өтемақы төлеуге өтініш беру мерзімі ұзартылды. Енді салымшылар банктерге соңғы күнін қоса алғанда 2023 жылдың 10 ақпанына дейін жүгіне алады.

ҚДКБҚ-да 5 миллионнан аса депозиторлардың салымдары өтемақы төленуге жататындығы атап өтілді. Статистика бойынша депозиттерінде 1 миллион теңгеден аса ақшасы бар азаматтардың 94%-ы өтемақы алуға өтініш берген.

Қаржы министрлігі мен Ұлттық Банк әзірлеген бағдарламаның  қағидаларына сәйкес келетін барлық депозиттерге, олардағы ақша қалдығының мөлшеріне қарамастан, сыйлықақы есептелетіндігін еске саламыз. Банктерге барып, өтемақы алуға келісімін әлі растамаған депозиторлар соңғы күнін қоса алғанда 2023 жылдың 10 ақпанына дейін келісімін растай алады. Өтінішті банктердің бөлімшелерінде немесе мобильді қосымша арқылы онлайн түрде беруге болады. Банктер өтемақыны 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін төлей бастайды. 10%-дық өтемақы есептелуі мүмкін максималды сома бір банкте 20 млн теңгені құрайды, - деді ҚДКБҚ төрағасының орынбасары Алмас Құдайбергенов.

Айта кететін жайт, сыйлықақы алудың басты шарты – салым соңғы күнін қоса алғанда 2023 жылдың 23 ақпанына дейін сақталуға тиіс. Өтемақы депозитте жыл барысында сақталған ең аз сомаға есептелетін болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама