Бұл оқу орнынан атақты спортшылар түлеп ұшқан
Алматыдағы Республикалық спорт колледжі жанындағы мектеп-интернат қайта ашылды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов айтты.
Министрлікке келіп түскен түйткілді мәселелерді саралап, шешу жолдарын қарастырып жатырмын. Солардың ішінде маңыздысы – Алматыдағы «Республикалық спорт колледжі» жанындағы мектеп-интернаттың жұмысын қайта жандандыруға қатысты ата-аналар мен ұстаздар тарапынан түскен өтініштер. Былтыр аталған оқу орны жабылып, дарынды оқушылар, жаттықтырушылар мен ұстаздар басқа білім беру ұйымдарына жіберілген еді. Мәселені бірден тікелей өз бақылауыма алдым, – деді ол.
Бұл оқу орнында Дәулет Тұрлыханов, Ольга Шишигина, Ислам Байрамуков пен басқа да атақты спортшылар оқып, түлеп ұшқан еді. Министрдің айтуынша, сол себепті бұл мектептің базасы мен мықты оқытушылары әлі де көптеген талантты спортшыларды дайындайтын болады. Сондықтан мектепті жабу туралы шешім қайта қарастырылды.
Министрлік лицензияны қайтару бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Бүгінде білім ордасы оқуға құжаттар қабылдауды бастап кетті. Мектепке жүздеген бала қабылданып, ондаған кәсіби оқытушы мен жаттықтырушы жұмыспен қамтылады.
Интернаттың дайындық жұмыстарын көріп, оқу кабинеттерінің жабдықталуы, кітаптармен қамтылуы, жатақханадағы орындардың жай-күйімен танысу үшін арнайы бардым. Сонымен бірге, мұғалімдердің тізімі, сабақ кестесі мен күн тәртібі бекітілді, – деді министр.
Осы ретте ол бүгінде мемлекет басшысы балалар спортын дамытуға айрықша назар аударып отырғанын, Мәдениет және спорт министрлігі үшін спортпен айналысқысы келетін балаларды жолда қалдырмай, оларға қолда бар жағдайды жасау ешқашан назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
«Болашақ бүгіннен басталатынын ескерсек, ел мерейін асырар ертеңгі чемпиондарымызға қажетті жағдайды дәл қазір жасауға тиіспіз», – деді Асхат Оралов.