Australian Open-2023: Рыбакина жартылай финалға шықты

Дастан Жұмабекұлы

Отандасымыз 1/2 финалға жолдама алды

фото: ашық дереккөз

Теннистен Австралияның ашық чемпионатының 1/8 финалында Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы поляк Ига Свентекті жарыс жолынан шығарып тастаған соң, ширек финалда латвиялық Елена Остапенкомен күш сынасты.

Кездесу 1 сағат 21 минутқа созылды. Матчта Рыбакина қарсыласын 6:2, 6:4 есебімен жеңді.

Енді Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 18-ракеткасы, «Үлкен дулыға» жарысының екі мәрте жеңімпазы, Беларусьтің өкілі Виктория Азаренкомен немесе әлемнің үшінші ракеткасы, америкалық Джессика Пегуламен кездеседі.

Қаңтардың 16-сында басталған ашық чемпионаттың әйелдер турнирінде екінші аптаға «Үлкен шлем турнирлерінің» бес бірдей чемпиондары – Виктория Азаренко, Елена Остапенко, Елена Рыбакина, Ига Свентек және Барбора Крейчикова жетті. Олардың бәрі жеребедегі електің жоғарғы жартысынан орын алды.

Остапенкомен кездесудің алдында Рыбакина 1/8 финалдық шайқаста Ига Свентекті жеңген еді. Бұл кездесу 1 сағат 19 минутқа созылды. Матч 6:4, 6:4 есептерімен қазақстандық спортшының пайдасына шешілді. Соңғы сеттің басында Лена қарсыласынан 0:3 есебімен ұтылып тұрды. Бірақ есесін көп ұзамай қайтарып, ақырында алға шықты.

Ига 2022 жылы «Ролан Гаррос» пен US Open турнирінде көш бастаса, Елена Уимблдонда бірінші болған еді. Алайда, осы кезде ресейлік және беларусьтік теннисшілер банға жіберілулеріне байланысты рейтингілік ұпайларынан айырылып қалғандықтан, Қазақстан өкілі өз рейтингісіне 2000 балл қоса алмады. Сөйтіп, 25-сатыда қалып қойды.

«Australian Open» Мельбурндегі «Мельбурн Парк Род Лэйвер Арена» стадионында болып жатыр.

Австралияның ашық чемпионаты 30 қаңтарда өз мәресіне жетеді.