Биыл Қазақстанның көп өңірінде су тасқыны қаупі бар
Елдегі нысандардың дені кеңес заманында тұрғызылған
Биыл еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны болуы мүмкін. Экология министрлігінің мәліметінше, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау және Павлодар облыстарынан өзге барлық өңірде тасқын қаупі бар, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, Экология министрлігінің 23 қаңтардағы жиынында су қоймалары мен бөгеттердің сапасы туралы мәселе қозғалған.
Елдегі осындай нысандардың дені кеңес заманында тұрғызылған. Талап бойынша, олар тек 25 жылға дейін ғана жарамды. Алайда Қазақстанадғы нысанның бәрі жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп тұр.
«Бұзып, қайта салмасақ та, Үкімет жыл сайын оларды жөндеу, қалыпқа келтіру жұмысына қаражат бөліп жатыр», - дейді мамандар.
Мысалы, биыл екі су қоймасы осындай жоспарлы жөндеуден өткізіледі. Оның бірі – сыйымдылығы жағынан ең үлкен Шардара су қоймасы.
«Бассейн инспекция, ТЖД, дергілікті атқарушы органдар бар, барлық комиссия тексерді. Қатты күмән туған жағдайда арнайы сертификаты бар мекемелерді тартып, оның жағдайына бізге қорытынды беріп отырады. Қаншалықты қауіптіқауіпсіз екені туралы. Соған байланысты біз мемлекеттен ақша сұраймыз», - деді «Қазсушар» РМК бас директорының пайдалану және автоматизация жөніндегі орынбасары Ербол Салихбаев.
Қазіргі уақытта гидротехника нысандары мен бөгеттердің қауіпсіздігі тексеріліп, тиісті шаралар қабылданған. Алда-жалда оқыс жағдай бола қалса, алдын ала мыңдаған техника, инертті материалдар мен құм салынған қаптар дайындалған.