×

Жолдаудан кейін Конституцияға қандай өзгерістер енгізіледі

Жолдаудан кейін Конституцияға, Конституциялық заңдарға және басқа заңдарға өзгерістер енгізіледі. Президент жарлықтары мен үкімет қаулылары қабылданады

 Қымбат Елтайқызы 18.03.2022 | 11:30
коллаж: Halyq Uni

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында әділет министрі Қанат Мусин Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы жолдауында белгілеген саяси реформалардың негізгі бағыттарын іске асыру аясындағы нормативтік шаралар туралы баяндады.

Министр атап өткендей, бүгінгі таңда осы жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспар жобасы әзірленді. Ол нормативтік сипаттағы келесі шараларды көздейді.

Бірінші. Конституцияға:

  • Президент өкілеттігі;
  • оның лауазымда болуына байланысты шектеулер;
  • Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитетінің, Конституциялық кеңестің төрағалары мен мүшелерінің саяси партиялардан шығуы;
  • Парламент Сенаты мен Мәжілісін қалыптастыру тәртібі және оның функциялары;
  • республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетін Жоғары аудиторлық палатаға қайта құру;
  • мәслихаттарды қалыптастыру тәртібі;
  • азаматтардың, Бас прокурордың және адам құқықтары жөніндегі уәкілдің де өтініш жасауына мүмкіндік беріп, Конституциялық сот құру;
  • өлім жазасын жою туралы шешімді Конституцияда бекіту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу.

Осы блок бойынша заң жобасын әзірлеу 2022 жылғы сәуірде жоспарланып отыр, — деді Мусин.  

Екінші. Конституциялық заңдарға және басқа заңдарға:

  • әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға тыйым салу;
  • Парламент Сенаты мен Мәжілісін қалыптастыру тәртібі және оның функциялары;
  • Конституциялық кеңестің және Жоғары сот кеңесінің төрағалары қызметіне кандидатураларды келісу;
  • Жоғары аудиторлық палата құру туралы;
  • мәслихаттарды қалыптастыру тәртібі мен олардың функциялары;
  • саяси партияларды тіркеу рәсімін оңайлату;
  • прокуратура мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша;
  • сайлау процесін жетілдіру;
  • алқабилер сотының қатысуымен істер санаттарын кеңейту;
  • бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау;
  • жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша өзгерістер енгізу;

Министрдің айтуынша, осы блок бойынша Конституциялық заң және заң жобаларын әзірлеу 2022 жылғы тамызда жоспарланып отыр.  

Үшінші. Мемлекет басшысы жарлықтары мен үкімет қаулыларын қабылдау:

  • Абай, Ұлытау облыстарының құрылуы, Алматы облысының Жетісу және Алматы облыстарына бөлінуі;
  • облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдері орынбасарларының саны бойынша шектеу мәселелеріне байланысты.

«Осы блок бойынша Президент жарлықтары мен үкімет қаулылары жобаларын әзірлеу 2022 жылғы маусымда жоспарлануда. Әділет министрлігі заң жобаларын әзірлеу бойынша қажетті дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр», — деді Мусин

Серіктес жаңалықтары

Сараптама