Біз соғысқа түбегейлі қарсымыз, - деді парсы елінің Сыртқы істер министрі
Иран Ислам республикасы Ресей басып алған Қырым мен Украинаның басқа да өңірлерінің РФ құрамында екенін мойындамайды. Бұл туралы The Moscow News хабарлады.
Иран Сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдоллахиан «TRT World» телеарнасының эфирінде берген сұхбатында Иранның халықаралық құқықтар қағидаттарымен келісетінін, сондықтан Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығын мойындайтынын мәлімдеді.
Біз екіжақты стандарттарды іздемейміз. Біз Ирактағы, Йемендегі, Палестинадағы және Ауғанстандағы соғыстарға қарсымыз. Дәл сол сияқты Украинадағы соғыс пен ондағы адамдар босқынына қарсымыз. Екінші жағынан, біз елдердің халықаралық құқықтар шеңберіндегі егемендігі мен территориялық тұтастығын мойындаймыз, – деді ол.
Оның айтуынша, Иран тап осы себеппен «Тегеран мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынастың тамаша болғанына қарамастан», кезінде Қырымның, сондай-ақ Луганск және Донецк облыстарының Украинадан бөлініп шыққанын мойындаған жоқ.
Сонымен қатар, Абдоллахиан Иранның Украинадағы соғысқа қарсы шығып отырғанын, жанжалдың саяси шешім табуына көңіл бөліп жатқанын атап өтті.
Біз соғыс Украинадағы жағдайды шешудің жолы емес дегенде, іргелік саясатқа жүгіну керек екенін білдіреміз. Біз осыған иек артамыз. Киев пен Мәскеу арасында Сыртқы істер министрлері деңгейінде бітімгер болуға көп күш салдық. Енді жақын арада Укараинада бейбітшілік орнап, соғыс аяқталады деп үміттенеміз, – деді Сыртқы істер министрі.
Алайда ол өз елінің билігі бұл соғысқа НАТО мен бірқатар батыс елдерінің арандатушылық әрекеттері себеп болды деп есептейтінін де ескертті.
Осы кезге дейін Ресейдің басқыншы армиясының Украинадағы аннексиясын КХДР, Судан, Ауғанстан, Сирия және Беларусь секілді 5 мемлекет мойындап қойған.
Украинада соғыс басталған кезде Иран Ресейдің саусақпен санарлық қана азын-аулақ одақтастарының бірі болып тұрды. Тегеран Ресейді өзінің «Shahed-131» және «Shahed-136» камикадзе-дрондарымен қамтамасыз етті. РФ басқыншылары оларды 2022 жылғы тамыздан бастап Украинаның сындарлы инфрақұрылымдары нысандарына шабуыл жасауға пайдаланды. Ресей бұларға айырбас ретінде өзінің қазіргі заманғы қаруларын, соның ішінде тікұшақтары мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін береді.
Тараптар сол сияқты Иран дрондарын Ресей жерінде шығару мәселесін де талқылады.