Комменданттық сағат кезінде бір отбасын түгелдей атып өлтірген: Алматыда сот басталды
Алматы облысындағы 18 404 әскери бөлімінің қызметкері, қатардағы жауынгер Данияр Егембаев күдікті ретінде танылды
20 қаңтарда таңертең Алматы гарнизонының әскери сотында былтыр Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан отбасының өліміне байланысты сот басталды, деп хабарлады «Азаттық».
Былтыр 8 қаңтарда Нұрболат Сейітқұлов пен Алтынай Етаева және олардың 15 жастағы қыздары Нұрай Оразыхан Талдықорған қаласында кешкі тоғыздар шамасында жеке көліктерімен кетіп бара жатқанда арнайы жасақтың оғынан қайтыс болған.
20 қаңтарда өткен сотта тек Нұрболат Сейітқұлов пен қызы Нұрай Оразыханға қатысты іс қаралды. 50 жастағы Алтынай Етаеваға оқ атылғаны әлі дәлелденбеген. Оған қатысты тергеу жалғасып жатыр.
Отбасының екі мүшесінің өліміне қатысты істе Алматы облысындағы 18 404 әскери бөлімінің қызметкері, қатардағы жауынгер Данияр Егембаев күдікті ретінде танылды.
Оған «Билікті асыра пайдалану» (451-бап, 2-бөлім, 1-тармақ) бойынша айып тағылған.
Тергеу материалдарына қарағанда, Данияр Егембаев Талдықорғандағы полиция пунктін күзетіп тұрғанда жүріп бара жатқан көлікке қарай 30 оқ атқан.
Жұма күнгі сотта Егембаев оқ атқанын мойындады. Бірақ өзіне тағылған айыпқа келіспейтінін айтты.
«Әдейі атқан жоқпын, тек дөңгелекке қарай аттым. Әдейі атсам, 30 оқ та адамдарға тиер еді ғой. Өзіме тағылған айыпты мойындамаймын» , - деді күдікті сот отырысында.
Марқұм Сейітқұловтың әпкесі Дариға Дәуітәлиеваның айтуынша, көлікке қарай жиыны 54 оқ атылған. Оның біреуі Сейітқұловқа, екеуі Оразыханға, Етаеваға үш оқ тиген. Бірақ Етаеваға тиген оқ қайырылып кеткендіктен, кім атқаны әлі дәлелденбеген.
Жәбірленуші Дәуітәлиева тергеудің әділ жүргізілгеніне күмән келтіреді.
«Алтынайға қатысты істі отбасынан бөліп тастаған. Оған үш оқты кім атқанын дәлелдей алмапты. Дәлелдей алмаса, істі жабады. ... Қазақстанда ит өлсе де, соттап жатады. Олардың бәрінің сотталғанын қалаймыз. Жазадан жалтарып кеткенін қаламаймыз», – деді жәбірленуші Азаттыққа.
Дәуітәлиева көліктегі адамдарға әдейі оқ атуға бұйрық берілген деп есептейді.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Ринат Баймолда судьядан осы іске қатысы бар Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтан куә ретінде жауап алуды сұрады. Адвокат оған қандай бұйрық берілгенін сұрау қажет екенін айтты. Өйткені күдікті Данияр Егембаев полиция департаментінің бұрынғы басшысы Күдебаевқа қарасты полиция пунктін күзетіп тұрған.
Судья бұл іске тағы бір жәбірленуші қосылғанына байланысты сот отырысын кейінге қалдырды.
Былтыр Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде бірнеше адам қаза болып (құқық қорғаушылар 14 адам опат болғанын айтады), Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші құлатылған. Дүрбелең аяқталған соң да, көлікпен кетіп бара жатқан екі отбасыға жауынгерлер оқ атып, бес адам қаза тапқаны анықталған. Бұған дейін Қаңтар кезінде әскери гарнизон шетінен өтіп бара жатып, оққа ұшқан 24 жастағы Ерназар Қырықбаевқа оқ атқан әскери қызметкер Марк Злуняев алты жылға бас бостандығынан айырылған еді. Осы аптада сот әскери десант бөлімінің қызметкеріне шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан азаматтардың өліміне байланысты шыққан санаулы үкімнің бірі. Құқық қорғаушылар мен белсенділер, марқұмдардың жақындары адам өліміне қатысты істердің басым бөлігінің жабылғанын айтады.