Мамандар ол өнім сапасының жақсы екендігін растап отыр
Еуразия ұлттық университетінің ғалымы Руслан Сафаров әріптестерімен бірге марганец кенінен тримарганец тетраоксиді бояғышын алудың жолын тапты. Жаңа технологияны құрылысқа қажетті шоколад түсті кірпішті жасау үшін қолдануға болады. Бұл туралы ЕҰУ баспасөз қызметі хабарлады.
Ғалымдар енді бұл әдісті коммерцияландыруды және өндіріске енгізуді жоспарлап отыр.
Айта кетсек, жоба жетекшісі Руслан Сафаров 2022 жылы әріптестерімен бірге Ғылым қорының грантын жеңіп алған болатын. Бұл ғылыми әзірлемені коммерцияландыруға және өндіріске енгізуге мүмкіндік береді.
Қазақстанда марганец кендерінің едәуір қоры бар. Олардан бояғыш алуға болады. Біз ғылыми зерттеу жүргізіп, оның қорытындысы бойынша тримарганец тетраоксидін алудың технологиясын таптық. Оның үлгісін сараптау үшін Көкшетау қаласындағы кірпіш зауытына тапсырдық. Мамандар біздің жасаған өнімнің сапасы жақсы екендігін растады, - деді ЕҰУ оқытушы-зерттеушісі, химия ғылымдарының кандидаты Руслан Сафаров.
Ғалым бүгінде бағдарламалау тілін меңгеріп, жаңа дағдыларды ғылыми жұмыстарында кеңінен қолданып жүр. Бұл өз кезегінде зерттеулердің аясын кеңейтуге жол ашқан.
Геохимиялық зерттеулерде біз нейрондық желілерді қолдана бастадық. Химия, геология, IT қиылысындағы ғылымдардың мұндай үйлесімі жаңа қызықты нәтижелер береді. Яғни объектілерді әдеттегі қарау кезінде айқын емес заңдылықтарды табуға мүмкіндік жасайды.
Мен өзім бағдарламалаумен, ақпараттық жүйелерді құрумен айналысамын. Сондықтан геохимия мен қоршаған орта объектілерін бақылау саласында машиналық оқытудың нейрондық желілер және басқа технологиялары сияқты компьютерлік модельдерді қолдану бағытын игеремін. Бұл зерттеу аясын кеңейтуге көмектеседі», - дейді идея авторы.